«Алмэкс» холдингі өз акционерлері  – Тимур және Динара Құлыбаевтарға дивиденд төлемейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Құлыбаевтар өз холдингінен 2023 жыл үшін дивиденд алмайды. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

«Алмэкс» холдингі өз акционерлері – Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаеваға 2023 жылға дивиденд төлемейді. Мұндай шешім компания акционерлерінің жалпы жиналысында қабылданған. Акционерлер шешімі Қаржылық есеп беру депозитарийі сайтында жарияланды.

«Қоғамның 2023 жылға арналған қаржылық есебі бекітілсін. 2023 жыл үшін Қоғамның таза табысы бөлінбесін және дивидендтер төленбесін», – деп жазылған құжатта.

Сондай-ақ 2024 жылдың 1 маусымынан Қоғам Директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директор Мурзахалим Маратқа 500 000 теңге мөлшерінде ай сайын төленетін сыйақы белгілеген.

Құжатта холдингтің 2023 жылға қандай таза кіріс алғаны көрсетілмеген және компанияның қаржы есебі әлі жарияланбаған.

2022 жылы холдинг Құлыбаевтарға 88,9 миллиард теңге төледі, ал 2021 жылы қарапайым акциялар бойынша дивиденд есептелмеді.

Тимур және Динара Құлыбаевтар әлемдегі дәулеттілер тізімінде 612-орында тұр. Олардың әрқайсысының байлығы 5 млрд долларды құрайды. Ал Қазақстандағы ең дәулетті адамдар тізімінде Құлыбаевтар 2, 3 -орынға орналасқан. Холдинг арқылы ерлі-зайыптылар «Қазақстан Халық банкінің «69,52 пайыз және Altyn Bank-тің 40 пайыз акциясын иеленеді.

Сондай-ақ Құлыбаевтар отбасының иелегінде «Каспиан Нефть», «Шұбаркөл Премиум», «Кристал Менеджмент», Premier Development Company және басқа да компаниялар кіретін Joint Resources компаниясы бар. Joint Resources компаниясы былтыр 39 млрд теңге пайда тапқан.

Аудиттелген қаржы есебінде осыған байланысты компанияның бөлінбеген кірісі 2023 жылдың соңында бір жыл бұрынғы 198,8 миллиард теңгеден 238 миллиард теңгеге дейін өскені атап өтілген. Компания капиталы 396,3 млрд теңгеге дейін өсіп, бір акцияның баланстық құны 2022 жылғы 354 мың теңгеден 392,8 мың теңгеге дейін жетті.

Тимур Құлыбаев тиесілі «Каспий мұнай»  2023 жылға дивиденд төлемейді. Компания 43,7 миллиард теңге пайда тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз