Қазақстанда тағы бір бала көкжөтелден қайтыс болды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Көкжөтелден тағы бір бала қайтыс болды / Фото: shutterstock.com

Ұлытау облысында тағы бір бала көкжөтелден көз жұмды. Бұл туралы КТК телеарнасы ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігеріне сілтеме жасап хабарлайды.

«Биыл көкжөтелден екі бала қайтыс болды. Қарағанды ​​облысы мен Ұлытау өңірінде. Екеуі де екпе салдырмаған. Екінші бала екпе жасына жеткен жоқ», – дейді Айжан Есмағамбетова.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша Қазақстанда былтырдан бері көкжөтел, қызылша сынды инфекция таралуы өскен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан 2023 жылдың сәуірінен 2024 жылдың наурызына дейін қызылша жұқтырғандар саны бойынша Еуропалық аймақта бірінші орынға шыққан.

ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, 12 айда Қазақстанда 36 292 адам қызылша жұқтырған. Екінші орында бір жыл ішінде 28 855 жағдай анықталған Әзірбайжан келеді, ал Ресей үшінші орында тұр. Бұл елде 18 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді. Соңғы 2 айда сырқаттану деңгейі 32%-ға төмендеді. Қосымша жаппай иммундау аясында шамамен 1,3 млн адам екпе алған. Бұл вакцина алуға жататын халықтың 91%-ын құрайды.

Есесіне басқа да вакцинамен басқарылатын инфекциялармен сырқаттану жағдайы артқаны байқалады. Мәселен, 2023 жылы көкжөтел бойынша кері динамика тіркелген. Науқастардың 91%-ы – екпе алмаған балалар. Сондай-ақ қызамық, эпидемиялық паротит және А вирусты гепатитінде де өсім тіркелген.

Денсаулық сақтау экс-министрі Ажар Ғинаят  елде екпе алмағандар қатарының артуына 2015 жылы заңға ата-аналар баласына екпе салдырудан бас тарта алады деген норманың енгізілуі әсер етті деп мәлімдеген болатын.

Сол кезде ДСМ басшысы соңғы 15 жылда елімізде бұл инфекция үш рет: 2005, 2015 және 2019 жылдары таралғанын айтты. Былтыр қызылша қайта тарала басталды. 2023 жылдың соңына қарай 29 648 адам қызылша жұқтырса, оның 80 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.

Мамырда ДСМ 800 мыңнана аса бала уақытында екпе алмағанын мәлімдеді. Енді Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, 18 жасқа дейінгі балаларды иммундауға Үкімет резервінен 5, 8 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржыға 747 720 доза вакцина мен 542 592 бірлік шприц сатып алынбақ.

Сондай-ақ оқыңыз