Қазақстандық компания Еуропалық Одақтың санкциясына ілікті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
санкциясына ілікті
Ресейге көмектескені үшін тағы бір компания ЕО санкциясына ілікті / Фото: kursiv.media

Қазақстандық DA GROUP 22 компаниясы Ресейге көмектескені үшін ЕО санкциясына ілікті. Тізімде жалпы саны 61 компания бар.

Санкцияға Қырғызстан, Қытай, Түркия және БАӘ елдерінде тіркелген компаниялар іліккен. Олар Ресейге дрондарға арналған бөлшек сатып алу арқылы ресейлік әскери-өнеркәсіптік кешенді қолдаған. Сонымен қатар 116 ресейлік жеке және заңды тұлғаға қатысты шектеу енгізілді.

Еуропалық Одақ Ресейден сұйытылған табиғи газды Еуропа порттары арқылы тасымалдауға шектеу енгізді. ЕО кеңесінің хабарлауынша, бұл шаралар Ресейдің шикізат саудасы мен тасымалдаудан түсетін кірісін азайтуға бағытталған. Шектеулер бір кемеден екіншісіне ауыстырып тиеуді де, кемеден жағаға ауыстырып тиеуді де қамтиды. Бұл шектеулер тек ЕО арқылы үшінші елдерге қайта экспорттауға қатысты. Олар импортқа қолданылмайды.

Жаңа санкциялар пакеті ЕО компанияларын үшінші елдердегі еншілес компанияларының Ресейге қарсы шектеулерді айналып өтпеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ол сондай-ақ қару сататын компанияларды Ресейге тауарларды реэкспорттау тәуекелдерін анықтайтын және бағалайтын тиісті тексеру тетіктерін енгізуді міндеттеді.

Жыл басында DA GROUP 22 компаниясы АҚШ санкциясының астында қалған. Ашық дереккөз мәліметінде бұл компания 2022 жылы тіркелгенін көруге болады. Электронды және телекоммуникациялық жабдықтар мен олардың қосалқы бөлшектерін сатумен айналысады. Бірінші басшысы мен құрылтайшысы ретінде Носаева Лиля көрсетілген.

2024 жылдың ақпан айында Еуропалық Одақ «Ресей әскери-өнеркәсіп кешенін қолдағаны үшін» қазақстандық компанияларға қарсы санкция салған. 13-ші санкциялар пакетінде Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін тікелей қолдайтын 27 ұйым енгізілді. Компанияларға «сауда шектеулерін айналып өтуге қатысы бар» деген айып тағылды.

Сондай-ақ оқыңыз