«Ұлттық қор – балаларға»: қазақстандықтар 6 айда БЖЗҚ-дан 1 млн доллардан көп қаржы шығарып алған
2024 жылдың алты айында 18 жасқа толған қазақстандықтар «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында БЖЗҚ-дан 1 млн доллар шығарып алған. Бұл туралы «Курсив» ресми сауалына жауап берген қор хабарламасында жазылған.
19 маусымға дейін қор жалпы сомасы 1129 569,84 долларға 1 226 азаматтың өтінішін орындаған. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 5 665 қазақстандық 569 121,12 доллар шығарып алған. Білім алу ақысын төлеуге 5 561 қазақстандық 560 448,72 доллар шығарған.
Өтініш берген азаматтар ішінде 9 057 адам қаржыны Отбасы банкіне, қалған 2 169 азамат «Қазақстан Халық банкіне» аударуды жөн көрген.
2024 жылы қордан қаржысын шығарып ала алатын қазақстандықтар саны, яғни 18 жасқа толатын жасөспірімдер саны 304 815 адам. 2024 жылы бағдарламаға жалпы 6 919 131 бала қатысты. Олардың барлығына бірдей 100 доллар 52 цент есептелді.
Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, бұл жобаға туғаннан қатысқан бала 18-ге толғанша, оның есепшотында 3,5 мың доллар жиналуы тиіс.
«Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі»,– деп көрсетілген қор хабарламасында.
2022 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына аударуды ұсынған. Президенттің ұсынысы биыл жүзеге асып, Қазақстан балаларының есепшотына алғашқы жарна түсті.
Баланың бағдарламаға қатысқанын және қанша ақша есептелгенін ата-анасы kids.enpf.kz сайтынан тексере алады. Сайтта баланың ЖСН номерін теру керек. Сондай-ақ есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинеттен де көруге болады.