Су тасқыны болған өңірлерде инфрақұрылымға келтірілген шығын көлемі 53 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Үкімет кулуарында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.
«Алдын ала есеп бойынша инфрақұрылымға келтірілген шығын көлемі 53 млрд теңгені құрады. Бұл есеп әлі де толықтырылатын болады. Шығын әлі күнге нақты есептеліп біткен жоқ. Мемлекеттік тексеру аяқталмады», – деді вице-премьер.
Бозымбаевтың айтуынша, ел бойынша 109 автожол учаскесі қираған, одан келген шығын көлемі 39,6 млрд теңге. 48 әлеуметтік обьекті жарамсыз болып қалған, шығын көлемі 11,7 млрд теңге. Электр желілеріне келген шығын 500 млн теңгені құрайды. Вице-премьер бұл сомаға жеке объектілер кірмейтінін атап өтті.
Осыған дейін Қазақстан Үкіметі су тасқын салдарын жоюға миллиардтаған қаржы аударған елдер, компаниялар мен кәсіпкерлердің тізімін жариялады. Тізімде екі елдің қолдау көрсеткені туралы жазған. БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігі (0,88 млрд теңге) мен Сербия үкіметі (0,47 млрд теңге) аударған.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Үкімет тізімді жариялау туралы демеушілерге ескерткен және олардың келісімін алған.
Демеушілерден жиналған жалпы 250,5 млрд теңге зардап шеккендердің тұрғын үйін қалпына келтіруге жұмсалады. Оның 40%-ы қазірдің өзінде жұмсалып үлгерген.