БАӘ мен Сербия: Үкімет су тасқынынан зардап шеккендерге қомақты қаржы аударған елдер мен кәсіпкерлер тізімін жариялады 

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Cу тасқынынан зардап шеккендерге қаржы аударған елдер мен кәсіпкерлер тізімі / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстан Үкіметі су тасқыны салдарын жоюға миллиардтаған қаржы аударған елдер, компаниялар мен кәсіпкерлер тізімін жариялады. Тізімде екі елдің қолдау көрсеткені туралы жазған. БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігі (0,88 млрд теңге) мен Сербия үкіметі (0,47 млрд теңге) аударған.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Үкімет тізімді жариялау туралы демеушілерге ескерткен және олардың келісімін алған.

Демеушілерден жиналған жалпы 250,5 млрд теңге зардап шеккендердің тұрғын үйін қалпына келтіруге жұмсалады. Оның 40%-ы қазірдің өзінде жұмсалып үлгерген.

Су тасқынынан зардап шеккендерге қомақты қаржы жібергендер тізімі / Үкімет

Тізімде еліміздің ең бай адамдары — Вячеслав Ким, Болат Өтемұратов, Тимур және Динара Құлыбаевтар, Нұрлан Смағұлов, Айдын Рахымбаев, Тимур Турлов, Эдуард Огай, Олег Новачук және басқалар болды.

Демеуші компаниялардың тізіміне: ERG тобы, «ҚазМұнайГаз», «Қазмырыш», «Қазақстан халқын» қоры, World Green Company, Jusan Bank, «Жайық Мұнай», «Базис-А» тобы, Samruk-Kazyna trust, «Рамс-Қазақстан» және басқалар кірді.

Ең көп демеушілік қаражат Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарына арнап жиналған.

Еске салсақ, 16 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының кәсіпкерлерімен және еріктілерімен кездескен еді. Мемлекет басшысы кездесу барысында су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.

«Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елдімекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, су тасқынына көмек ретінде компаниялар мен қайырымдылық қорлары қанша қаржы бөлетінін осыған дейін жариялаған едік. 

Еске сала кетсек, наурызда еліміздің бірнеше аймағын су басты. Тұрғындар эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді. Мәжіліс депутаттары зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды

Сондай-ақ оқыңыз