Еңбек министрлігі уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты жұмыс кестесін өзгертуді ұсынды
Елдің бірыңғай уақыт белдеуіне көшуіне байланысты жұмыс берушілер қызметкерлердің жұмыс кестесін қайта қарауы мүмкін. Бұл туралы Үкімет кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.
Министрдің айтуынша, өзгерісті ескере отырып, жұмыс күнінің басталуын бір сағатқа алға жылжытуға болады.
«Осы мәселеге қатысты көптеген хат алып, жауап береміз. Жұмыс беруші мен қызметкер арасында келісімшарт бар, жұмыс кестесін екі тарап бірге жасайды. Сондықтан қараңғыда жұмыс істемеу үшін жұмыс берушімен келісіп, жұмыс кестесін қайта қарауға болады. Шын мәнінде, бұл күрделі мәселе емес», — деді Жақыпова.
Ведомство басшысы министрліктің жеке және бюджеттік ұйымдар үшін жұмыс кестелері бойынша ұсыныстар әзірлегенін атап өтті.
«Жұмыс уақытын бір сағат бұрын бастау туралы ұсыныс жасадық. Іс жүзінде, келісімшарт Заңға сәйкес Еңбек кодексінде жазылған екіжақты келісім болады», — деп қосты ол.
2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылды. «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақыты 1 сағатқа кері жылжыды.
7 маусым күні сағат белдеуіне байланысты петицияға 50 000 адам қол қойды. Енді Үкімет осы петицияда қозғалған мәселені қарауға тиіс.