Жаңалықтар

Бұрынғы индустрия вице-министрінің компаниясына Абай облысында мыс пен марганец кен орындарын игеру құқығы айрықша тәртіппен берілмек

Мыс пен марганец кен орындарын барлауға айрықша құқық беру бойынша қоғамдық талқылау 9 шілдеге дейін жалғасады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Артур Алескеров

Бұрынғы Инвестициялар және даму вице-министрі (қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) Арыстан Қабикеновке тиесілі «Keneitu Ltd.» жеке компаниясына Абай және Маңғыстау облыстарында қатты пайдалы қазбаларды барлауға айрықша құқық берілмек. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 84-бабының 2-тармағы, 2024 жылғы 29 мамырдағы инвестициялар тарту жөніндегі кеңес отырысы хаттамасының 6.2-тармағына сәйкес Үкімет қатты пайдалы қазбаларды барлауға айрықша құқық береді. Абай облысындағы «Шунай» кен орны бойынша қатты пайдалы қазбаларды барлауға байыту-өндірістік кешен салуға (қуаты 100 мың тонна катодты мыс, инвестиция көлемі кемінде 300 млрд теңге және 800 жұмыс орнын құру). Сонымен қатар Маңғыстау облысындағы «Айт-Көкше» кен орны бойынша қатты пайдалы қазбаларды барлауға электролиттік марганец өндіруін (қуаты 20 мың тонна, инвестиция көлемі кемінде 45 млрд теңге және 150 жұмыс орнын құру) қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп жазылған Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойған қоғамдық талқылауға шағарылған құжатта.

Қаулы қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді. Құжатты қоғамдық талқылау 9 шілдеге дейін жалғасады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев дайындаған түсіндірмеде жобалар аясында экологиялық таза өндірістің үздік қолжетімді технологиялары енгізілетіні жазылған

«Жобалар шеңберінде экологиялық таза өндіріс бойынша ең үздік қолжетімді технологиялар енгізілетін болады. Жобалар айтарлықтай серпін береді және өңдеуші өнеркәсіптің аралас салаларының дамуына мультипликативтік әсер етеді», – деп жазылған құжатта.

«Keneitu Ltd.» компаниясы Астана қаласында тіркелген. Оның құрылтайшылары: Арыстан Қабикенов пен Рахат Мұхтаров. Арыстан Қабикенов 2002 жылы Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін, 2004 жылы – ҚМЭБИ, 2012 жылы – Ноттингем университетін (Ұлыбритания) бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы жеке секторда бастап, кейін осы жылдар ішінде Қаржы министрлігінде, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде және өзге де лауазымды қызметті атқарды. 2018-2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі қызметін атқарды.

Бұған дейін шығынға батқан Ulmus Besshoky компаниясы мыс кен орнын барлауға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлетіні белгілі болды.