Қытай азаматы Сан Гуансинге тиесілі «Тарбағатай Мұнай» компаниясы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Сарыбұлақ кен орнында мұнай қабылдау пунктінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр.
Компания таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қарабұлақ ауылынан солтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жерде орналасқан жаңа шикізат қабылдау пунктінде алынатын мұнайдың жылдық көлемі 36,5 мың текше метрді құрайды.
Жобаның тек 15%-ы іске асқан
Жобаланған кешен мұнайды қабылдауға, сусыздандыруға, сақтауға және төгуге арналған қондырғыларды қамтитын күрделі құрылым. Мұнай автоцистерналардан сорғылармен көлемі 100 текше метр буферлік цистернаға алынады, онда отын 70С дейін қызады. Содан кейін мұнай қысыммен жұмыс істейтін көлемі 6,3 текше метр үш бағытты сепараторда бөлініп, әрқайсысы резервуар паркіне түседі. Келесі кезекте дайындалған мұнай екі посты мұнай ағызу пунктіне жіберіледі. Ол сағатына 150 текше метр жылдамдықпен автоцистерналарға тиеледі.
«Тарбағатай Мұнай» мұнай қабылдау пунктінің құрылысын сонау 2021 жылы бастаған. Бірақ жұмыс 2022 жылы тоқтатылды. Бүгінгі таңда жоспарланған құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы көлемінің 15,5%-ы орындалды. Атап айтқанда, су құбыры және су бұру құрылыстары, темірбетон және металл конструкциялары жасалды.
Қалған бөлігі (жалпы жұмыстардың 84,5%-ы) құрылыс-монтаждау жұмыстары сатысында.
Мұнай жинау пункті жыл бойы жұмыс істейді
Мұнай жинау пункті 12 сағаттық екі ауысымда жыл бойы және тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Кәсіпорын қауіпсіз және ақаусыз жұмыс істеу үшін дренаждық операцияларды орындайтын сорғыларды қашықтан басқару қарастырылған. Бұған қоса жарық орнату, найзағайдан қорғау, бастапқы өрт сөндіру құралдары қажет.
Айта кетейік, «Тарбағатай Мұнай» компаниясының түпкілікті бенефициары – Қытай Халық Республикасының азаматы Сан Гуансин. Компанияның құрылтайшылары Carol B.V. және Rifkamp B.V. Нидерландыда тіркелген.
2006 жылы құрылған компания 2007 жылы «Қуат» холдингінен Шығыс Қазақстан облысында барлау және өндіру жұмысын жүргізу лицензиясын алған. 1996 жылғы 11 шілдеде берілген лицензияның мерзімі – 31 жыл.
Маусым айының басында «Тарбағатай Мұнай» компаниясы Сарыбұлақ кен орнын игеру жобасын таныстырды. Экологиялық порталда жариялаған жоба бойынша, Сарыбұлақ кен орнында 64 мұнай ұңғымасын салу қарастырылған. Бұл кен орнынан тәулігіне 464 тонна мұнай, 17168 текше метр газ өндіру жоспарланған. Мұнай бұрғылары 5 топқа топтастырылып, құрылысы қыркүйейек айында басталады. Құрылыс жұмыстарын алдағы 3 жылда аяқтау жоспарланған. Мұнай мен газ 2024-2031 жылдары өндірілмек.