Алаяқтар өздерін заңгермін деп таныстырып, тұрғындардың ақшасын аударып алып жатыр – Ұлттық банк

Жарияланды (жаңартылды )
Алаяқтар «заңгерлік кеңес береміз» деп тұрғындарды алдауда/ коллаж kursiv.media

Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтық дерегі жиілеп кеткенін ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырды.

Бірінші кезеңде өзін Ұлттық банктің немесе басқа да мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жалған құжат жібереді. Сөйтіп банктік аударымдарға арналған деректеме ұсынып, азаматтардан барынша ақша өндіріп алуға тырысады.

Алаяқтар қаражатты иемденіп алған соң, алаяқтық схеманың келесі кезеңіне көшеді. Бұл жолы өздерін заңгер ретінде таныстырып, аңғал азаматтармен қайта байланыс орнатады. Өзі секілді зардап шеккен басқа да адамдардың атынан ұжымдық талап-арызбен әрекет ететін сыңай танытып, алаяқтар иемденіп кеткен қаражатты қайтаруға заңгерлік көмек ұсынады. Осылайша, қаскөйлер ақшаларды қайтару үшін «заңгерлік қызметке» ақы төлеуді сұрайды.

Ақшалай транзакция орындалған соң алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатады. Еске сала кететін жайт, Ұлттық Банк қызметкерлері мессенджер арқылы аудио және бейнеқоңырау шалмайды. 

Ұлттық Банк «мемлекеттік орган қызметкері, Ұлттық Банк қызметкері» деп өзін таныстырып, қоңырау шалған адаммен байланысты үзіп, әңгімелесуден, төлем операцияларын жүргізуден бас тартуға шақырады.

«Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайды, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейді.

Егер Сіз немесе жақыныңыз алаяқтардың арбауына тап болсаңыз, арыз жазу арқылы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береміз.

Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Қазақстан  Ұлттық Банкінің байланыс орталығына да хабарласуға болады», – деп хабарлады банк.

Алаяқтар схеманы жиі өзгертеді. Ұлттық банк бұған дейін жасанды интеллектіні қолданушы алаяқтардың көбейіп келе жатқанын ескерткен. Енді олар өз «құрбанының» туысы, жақын адамы немесе танымал медиа-тұлғаның дауысын салып, хабарласатын болған.

Одан бөлек қаражат жымқыруды көздейтін қаскөйлер өздерін жеке сот орындаушысы ретінде таныстырып, азаматтарға жалған құжаттар жібереді. Онда азаматтарға тиесілі Ұлттық Банкте «жеке тұлғалардың ашық және сақтандырылған шоты» бар деп алдайды.

Сол үшін жәбірленуші тарап ретінде азаматтарға ақшалай төлемдер мен өтемақылар төленеді деген сылтаумен кейін «Ұлттық Банктің қаражатынан» өтеледі деп сақтандыру жарнасын енгізу керек екенін алға тартады.

Сондай-ақ оқыңыз