Epetition.kz сайтында жарияланған алғашқы петиция бойынша қойылған талапты жұмыс тобы мақұлдады. Мемлекеттік, әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға тыйым салу және бәс тігу мәселесі қаралды. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Петицияны талқылауға жұмыс тобының мүшелері, қоғам белсенділері, ойын бизнесі, лотерея қызметі саласындағы мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, петиция авторы – «Әділдік жолы» РҚБ басшысы Дидар Смағұлов қатысты.
Отырыс соңында шешім жобасын қатысушылардың басым бөлігі қолдап мақұлдады.
«Айта кету керек, бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске қосылған онлайн-петициялар институты аясындағы алғашқы мақұлданған петиция», – деп хабарлады аталған министрлік.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Жәнібек Наушабайұлы бұл бағытта арнайы бұйрық жобасы дайындалатынын айтты.
«Мемлекеттік, әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы орган қызметкерлерінің құмар ойын ойнауына тыйым салудың және жолын кесудің сақталуын бақылау мақсатында мүдделі органдардың бірлескен бұйрығы әзірленіп, жақын арада қабылданады. Құмар ойындарға қатысу және бәс тігу фактісі расталған жағдайда, құқық бұзушылар теріс себептермен жұмыстан босатылғанға дейін жазаланады», – деді Жәнібек Наушабайұлы.
Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл құжат Сенат қарауына жіберілді. Осы заңда мемлекеттік және әскери қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салу қарастырылған.
Қазақстанда құмар ойындарды тұрақты ойнайтындар мен бәс тігетіндердің саны – 350 мың адам. Ел билігі 2026 жылға қарай олардың санын екі есеге дейін қысқартпақшы. Осы орайда құмар ойындарға тәуелділер мемлекет есебінен тегін емделіп, медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамтылады. Бұл мақсатта бюджеттен 80 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Туризм және спорт министрлігі Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен людоманияға қарсы іс-қимылдың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын дайындады.