Салықты оңтайландыру: заңды жолмен салықты қалай аз төлеуге болады?

Жарияланды
Салықты қалай аз төлеуге болады?/ коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Салықты аз, бірақ заң бұзбай төлеудің жолы бар екенін білесіз бе? Мұны салықты оңтайландыру яки салық жоспары деп атайды. Заңда қарастырылған, еш қайшы келмейтін жолдармен салық жүктемесін азайтатын тәсіл жайлы кейінгі жылдары іздеп жүргендер көп. Ірі кәсіпорындарда тіпті салық жоспарын жасайтын маманды штатта ұстайды. Кейбірі салықты оңтайландыру туралы сұрағанда заңсыз дүние істеп жатқандай қысылады. Олай болса, заңды жолмен салық жүктемесін қалай жеңілдетуге болатынына тоқталайық.

Салықты оңтайландыру деген не?

Ең алдымен «салықты оңтайландыру» түсінігінің заңды әдіс екенін атап өту керек. Салықты жоспарлау кез келген кәсіпорынның қаржы жоспары жүйесінің бір элементі ғана. Мысалы, кәсіпкер жеткізушіні өзі таңдауға ерікті. Бастысы, бәрі заң шеңберінен шықпаса болғаны. Сол сияқты заңда қарастырылған тәсілдер арқылы өзіне қолайлы салық режимін, салық төлемдерінің оңтайлы деңгейін де кәсіпкер өзі таңдай алады. Біріншіден заңда субъект заңды тұлға құрып не қарапайым серіктестік шартын жасасып кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады. Екіншіден, көбіне салық төлеуші салық режимін де өзі таңдаса болды. Үшіншіден, «Салықтар мен алымдар» туралы заңнамада салық төлеушіге салық салу мақсатында шаруашылық операцияларды есепке алудың әртүрлі әдісін өз қалауына қарай таңдауға мүмкіндік берілетіні айтылған (мысалы, салық салу мақсатында шығыстарға материалдардың құнын есептен шығару әдісін таңдау), сондай-ақ өз қалауына қарай салық салуға тікелей әсер ететін өзге де шешімдер қабылдауға (мәселен қосылған құн салығын төлемес үшін салық салу құқығын пайдалану немесе пайдаланбау) құқылы.

Осы айтылған шешімнің бәрін кәсіпорын басшысы жақсылап екшеп, таразылап барып қабылдауға тиіс. Ол үшін, әлбетте, жан-жақты анализ жасалып, әр қадамның алды-артын ойлауы керек. Соның ішінде кәсіпорынның салық жүктемесіне әр іс-шараның қалай әсер ететінін есепке алу қажет. Сөйтіп әбден таразыға салған соң, бір байламға келеді. Соның арқасында салық жоспары да, салықты оңтайландыру да жасалуы әбден мүмкін, тіпті аса қажет тәсілге айналып шыға келеді. Былайша айтқанда, салықты оңтайландыру деп салық міндеттемесін заңда рұқсат етілген жолдармен азайтуды айтады. Оның ішінде жеңілдіктерді пайдаланып, салықтан босатылса, оны есепке алу сынды түрлі тәсіл бар.

Салықты оңтайландыратын құралдар, атап айтқанда, схемалар мен тәсілдер жиі өзгеріп тұратынын есте ұстау керек. Өйткені заңға ұдайы өзгеріс енгізіліп жатады. Болмаса, нормативтік актілер өзгереді. Сыртқы құқықтық ортада мұндай тұрақсыздық болатындықтан, кәсіпорында бір рет қана оңтайландырып қоя салмайды. Үнемі қарап, жаңартып, хабардар болып отыру керек. Егер өзгерістер өте ауқымды болса, кәсіпорынның қаржылық және шаруашылық қызметі де қоса өзгереді. Тіпті түбегейлі ауыстыруды талап етуі де ғажап емес. 

Салық төлеуден қашқан болып есептелмей ме?

Бұл мәселе кәсіби ортада жиі талқыланады. Десе де, салықты оңтайландыру үшін ең алдыңғы кезекте қазіргі заңнамаға қайшы іс-әрекет істемеген болуыңыз керек. Егер әлдебір заңды бұзған болсаңыз, онда жауапқа тартылуыңыз мүмкін. Қандай жағдай болғанына байланысты кейде қылмыстық, кейде салық жауапкершілігін жүктейді. Оптимизация кезінде салық төлеуден қашқан болып саналмайды. Себебі ол заңда қарастырылған. Сәйкесінше, ол үшін сізді ешкім жауапқа тарта алмайды. Олай болса, салықты оңтайландыру туралы айтқанда салық схемаларына да аз-кем тоқтала кеткен жөн.

Салық схемалары деп нақты бір жағдайдағы салық жүктемесін азайтуға бағытталған нақты қадамдар мен тәсілдерді айтады. Қазіргі таңда ақ және қара салық схемалары белгілі. Алдымен қара схемалар жайлы айтсақ. Аты айтып тұрғандай, бұл — заңда тыйым салынған салық схемалары. Олар тікелей заңды бұзады. Егер осы тәсілді қолданғаны белгілі болса, заңды жауапкершілікке тартылады. Заңды салық схемалары болса, заңда тыйым салынбаған. Қайта жеңілдік ретінде қарастырылған. Осы саладан хабары бар, мықты мамандар ақ салық схемасының заңды еш бұзбайтынын жіліктеп тұрып дәлелдеп бере алады. Егер әлдебір салық схемасының заңды екенін дәлелдей алмаса, онда индикатор бойынша ол «қара схема» деп есептеледі де, оны қолдануға тыйым салынады.   

Салықты заңды түрде айналып өту схемасы

Салық режимін дұрыс таңдаңыз. Салық жоспарын әзірлеген кезде қанша салық төлейтіні есептеледі. Қандай қызмет көрсететініңізге байланысты, кіріс пен шығынды ескере отырып, әркім өзіне қолайлы салық режиміне тоқталады. Шағын бизнес субъектілері үшін жалпыға бірдей белгіленген және арнайы салық режимдері бар. Маржасы төмен қызметке, яғни кірістері компанияның шығындарынан сәл асып кетсе, жалпыға бірдей белгіленген салық режимін қолданған жөн.

Ал маржасы жоғары қызмет түрлеріне арнайы салық режимдерін қолданған дұрыс. Мысалы, жалпыға бірдей белгіленген режимде жеке кәсіпкерлерге салық ставкасы — 10%. Жылына бір декларация тапсырып отыру қажет. Жеңілдетілген режимдегі жеке кәсіпкерлік табысының 3 пайызын салыққа төлейді. Бірақ қызметкер саны 30-дан аспауы керек. Ал бір жылдық табысы жарты жылдықтағы есепте 24 038 АЕК, шамамен 88 748 296 теңгеден аспауға тиіс. Бұл — жыл сайын өзгеріп отыратын шама. Егер табыс 20 000 АЕК-ден асып кетсе, қосымша құн салығы бойынша есепке тұрып, қосымша 12 пайыз салық төлеп отыру керек. Табыс шегін ұлғайтып, ҚҚС төлемеу үшін үш компонентті интеграцияланған жүйе қосуға болады. Ондай жүйені қолданатындарға жылдық табыстың максимум шегі жоғарырақ. 

Патенттелген жеке кәсіпкерлер табысының 1 пайызын салыққа төлейді. Бірақ бұл режимді қызметкері жоқ, өзі ғана жұмыс істейтіндер қолдана алады. Есеп тапсырылмайды. Бір жылдағы табыс шегі —  3 528 АЕК (13 025 376 теңге). Мына 364 қызмет түрінің бірімен айналысатын кәсіпкерлер арнайы салық режимін қарастырса болады. Мұнда мөлшерлеме түпкі сатып алушыға байланысты. Егер ол жеке тұлға не шегерім қолданбайтын компаниялар болса, мөлшерлеме — 4 пайыз, ал енді жеке кәсіпкерлік не ЖШС сатып алатын болса, онда — 8 пайыз. Шектеулерге келсек, қызметкер саны 200-ден аспауға тиіс. Айналымы — 600 000 АЕК (2 215 200 000 теңге)        . Қосымша құн салығын төлемей жұмыс істейді. Бұл арнайы режимді бөлшек салықтың басқа заңды тұлғасының құрылтайшысы немесе қатысушысы болып тұрған кәсіпкерлер қолдана алмайды.

Ауыл шаруашылығы

Салық төлеуде жеңілдік ауыл шаруашылығы саласында да бар. Олар үшін екі түрлі арнайы салық режимі бар: ауыл шаруашылығы өнімін шығаратындарға және шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарға.  Ауыл шаруашылығы өнімін шығаратындар КТС (ЖТС), әлеуметтік салық және мүлік пен көлікке салынатын салық сомасын 70 пайызға азайта алады. Ал екіншілері болса, табысы 20 000 АЕК (73 840 000 теңге) асып кетсе де, қосымша құн салығы бойынша есепке тұрмаса болады.

Егер жеке кәсіпкерлік не ЖШС бұрыннан жұмыс істеп тұрып, енді режимді ауыстырғысы келсе, оны e-Salyq Business мобайл қолданбасы арқылы жасай алады. Режим қолданылатын мерзімнің басы деп салық режимін ауыстыру туралы хабарлама жібергеннен кейінгі айдың бірінші күні саналады. Салық төлеуші өзі таңдаған ОКЭД-ке жауап береді. Ол оның айналысатын қызметінің түріне сәйкес келуі шарт. Мысалы, кәсіпкер консалтиң не құқықтық қызмет көрсетеді делік. Сөйтіп жеңілдетілген режиммен жеке кәсіпкер болып тіркеледі. Егер үш жыл ішінде камералық бақылау қызмет түрінің сәйкес келмейтінін анықтаса, онда салықты жалпыға бірдей белгіленген режим бойынша есептейді. Яғни 3 пайыз емес, жеке кәсіпкерлікке — 10 пайыз, ЖШС-ға 20 пайыз салады. Сонымен бірге салық режимін дұрыс қолданбағаны үшін айыппұл салатынын да есте ұстау қажет.     

Қосымша құн салығынан босату туралы. Бизнестің кей түрлері қосымша құн салығын төлеуден босатылады. Оның ішінде дәріханалар, ветеринариялық клиникалар, халықаралық тасымалмен айналысатын компаниялар, түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын, ауыл шаруашылығы техникасын және т. б. сататындар бар.

Әлеуметтік сала

Салық төлеуде жеңілдігі бар келесі сала — әлеуметтік сала. Яғни әлеуметтік маңызы бар қызмет түрімен айналысатындарға арналған. Ол қатарға медициналық көмек, білім, ғылыми қызмет, кітапханаларға қызмет көрсету жатады. Осы салада жұмыс істейтін компаниялар корпоративтік табыс салығын төлемейді. Басты шарт — табысының 90 пайызы әлеуметтік қызметтен түсіп тұруы керек. Сонымен бірге олар мүлік салығын 0,1 пайыздық мөлшерлемемен төлеуге құқылы. Бірақ компания аумағының бір бөлігін жалға не сенімгерлік басқаруға беретін болса, онда стандарт мөлшерлеме — 1,5 пайыз қолданылады. Әлеуметтік бағыттың ішіне қоғамдық бірлестіктер де кіреді. Штатындағы қызметкерлердің 51 пайызы мүгедектігі бар адамдар болса, жалақысы еңбек ақысының жалпы шығынының кемінде 51 пайызын алатын болса, олар да корпоративтік табыс салығын төлеуден босатылады. Әлеуметтік салада жұмыс істемейтін, бірақ штатындағы қызметкерлердің жартысы мүгедектігі бар жандар болса да, оларға табыс салығын әдеттегідей төлейді.

Денсаулық сақтау саласы

Медициналық қызмет көрсететін лицензиясы бар, медициналық көмекпен айналысатын компаниялар да салықтан әжептәуір үнемдей алады. Өйткені олар корпоративтік табыс салығын төлемегеніне қоса, лимиттен асып кетсе де қосымша құн салығын төлемейді, есеп те тапсырмайды. Бұл қатарға медицина және оңалту орталықтары, зертханалар мен стоматологиялар кіреді. Одан кейінгі кезекте — білім беру бағытындағы компаниялар. Бастауыш, орта, техникалық, жоғары және университеттен кейінгі білім беру, қосымша оқыту, мектепке дейінгі тәрбие беру сынды қызметтер көрсететін команиялар да әлеуметтік салаға жатады. Олар да корпоративтік табыс салығын төлемейді. Толық тізімді мына жерден қарап шығуға болады. 

Арнайы экономикалық аймақтардағы компанияларға арналған жеңілдіктер

Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл жақтардағы кәсіпорындар ел үшін маңызы зор қызмет түрлерімен айналысады. Сондықтан олар салықтан толықтай босатылған. Корпоративтік табыс салығын, жер салығын, мүлік салығын мүлдем төлемейді. Сонымен бірге мемлекет оларға инфрақұрылымы дайын жер телімін де тегін береді. Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары импорт тауарлар мен импорт кеден баждарына инвестициялық келісімшарт шеңберінде босатылады. Салық жеңілдігі 2024 жылдан бастап қосылған өзгерістерге сай, мынадай санаттағы инвесторларға мынадай мерзімге беріледі:  

  • А санаты — жоба құны 3 000 000 АЕК (7 жылға);
  • В санаты — жоба құны 3 000 000 -14 500 000 АЕК аралығында (15 жылға);
  • С санаты — жоба құны 14 500 000 АЕК-тен асады (25 жылға).  

Қатысушылар міндетті түрде жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлік не ЖШС болуға тиіс. 

Astana Hub қатысушылары

Ақпараттық технологиялар саласында дамып келе жатқан компанияларға да жеңілдіктер жасалады. Ол үшін олар Astana Hub қатысушысы болуға тиіс. Мұндай компаниялар корпоративтік табыс салығынан, қосымша құн салығынан, әлеуметтік салық және т.б босатылған. Бұл — мемлекеттің IT-өнімдер жасап жатқан компанияларға жасаған қолдауы. Жалғыз шарт сол — басым қызмет түрлері тізімі аясында жұмыс істеуі керек. Егер компания бағытын ауыстырса, онда осы салық жеңілдігінің барлығынан айырылады. 

AIFC қатысушылары

«Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары, оның ішінде шетелдік компаниялар да корпоративтік табыс салығын, жер салығын, мүлік салығын және бірқатар қаржы қызметі бойынша қосымша құн салығын төлеуден босатылған. Бұл қатарға банктер, сақтандыру компаниялары, брокерлер, инвестициялық қорлар, криптобиржалар кіреді. Одан қала берді қаржылық емес қызметтер көрсететін компаниялар үшін салықтық жеңілдіктер бар. Қандай қызмет түрін көрсететініне қарамастан, мұндай кәсіпкерлер белгілі бір кірістер бойынша КТС (ЖТС) төлеуден босатылады. Айтпақшы, криптовалютал сатқаннан түскен айналымға 2024 жылдан бастап қосымша құн салығы салынбайды.

Жалпы алғанда салықтан үнемдеу үшін кәсіпкерлер енді бизнес бастаған кезде немен айналысатынын нақты білуі керек. Сосын барып өзіне ыңғайлы салық жүйесін қарастырады. Ал кәсібі жүріп тұрған бизнесмендер болса, салық режимдеріне шолып шығып, тиімді нұсқасына тоқталғаны жөн. Бәлкім, басқасына ауысқан өзіне жақсырақ болып қалар.  

Сондай-ақ оқыңыз