Қор нарығына шолу: Nvidia акциялары қайта өсті, АҚШ мөлшерлемесі бойынша болжам, Баффет BYD акцияларын сатып жатыр

Жарияланды
БАҚ шолуы / Shutterstock

Nvidia акциялары үш күндік құлдыраудан кейін күрт қымбаттады. Berkshire Hathaway, Уоррен Баффеттің компаниясы, BYD акцияларын дереу сатып жатыр. ФРЖ өкілі Мишель Боумен биыл мөлшерлемелер төмендетпейді деп отыр. Осы және басқа тақырыптар туралы 25 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

АҚШ экономикасының даму перспективасының нашарлауынан тұтынушылардың сенімі де азайды

Bloomberg-тің хабарлауынша, маусым айында АҚШ-тағы тұтынушылар сенімінің деңгейі төмендеді. Бизнес пен тұтынушылардың көңіл күйін аңғартатын көрсеткіш − Conference Board индексі мамырдағы 101,3 деңгейінен 100,4-ке түсті.

Сауалнама кезінде елде бизнес жүргізу жағдайы, еңбек нарығы мен табысқа қатысты бағалаулардың нашарлағаны анықталды. Тұтынушылардың 12,5%-ы ғана алдағы алты айда бизнес жүргізу жағдайы жақсарады деп күтуде. Бұл – 2011 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш.

Conference Board-тың бас экономисі Дана Петерсон атап өткендей, маусым айындағы сенім деңгейі төмен болғанымен, соңғы екі жылдағы бағалардың ауытқу диапазонында қалып отыр. «Дегенмен еңбек нарығында елеулі проблемалар туындаса, сенім деңгейі жыл бойы азая беруі мүмкін», − деді Петерсон.

Осы айдағы сауалнама қорытындыларына сәйкес, бағаның өсуіне қатысты алаңдау азайған. Десе де жұрт азық-түлік бағасының қымбаттағанын атап өткен. Қазір тұтынушылар автокөлік пен ірі тұрмыстық техника сатып алу туралы ойынан бас тартып отырған көрінеді.

Nvidia акциялары үш күндік құлдыраудан кейін күрт қымбаттады

Инвесторлар Nvidia компаниясының акцияларын үш күндік құлдыраудан кейін қайта сатып алып жатыр. Bloomberg-тің хабарлауынша, сауда күні акциялар 6,6%-ға қымбаттаған. Бұл өткен үш сауда күніндегі шығынның (-12,9%) жартысынан астамы. 2023 жылдың 1 маусымында да осындай шамадағы құлдыраудан кейін акциялар бағасы 5,1%-ға өскен болатын.

Бұл өсімге негізінен Morgan Stanley есебі ықпал етті. Есепте сарапшылар Nvidia компаниясына қатысты оптимистік көзқарастарын растаған еді. «Сұраныс көрсеткіштері тұрақты: H100 чипіне сұраныс әлі де үлкен, H200 чипіне сұраныс аз да болса артпақ. Қытай нарығында H20 сатылымдары қатты өсуде, демек Blackwell-ге сұраныс келесі жылдың ортасына дейін сақталмақ», – деп жазды Morgan Stanley сарапшысы Джозеф Мур.

H100 дегеніміз − Nvidia-ның ескі чипі, ал H200 − оның қазіргі үлгісі. Blackwell биыл жыл соңында сатылымға шығуы керек.

UBS сарапшысы Карл Кирстедтің де Nvidia-ға қатысты болжамы жақсы. Мүдделі компаниялар арасында сауалнама жүргізген бұл маманның айтуынша: «Логикалық операцияларды орындау мен оқыту саласында Nvidia чиптері негізгі құрал болып қала бермек. Ендігі кезде респонденттер Hopper (H100 + H200) чиптерін артық көріп, ескірген әрі арзан графикалық процессорлардан бас тартады».

Баффет BYD акцияларын сатуда

Уоррен Баффеттің компаниясы Berkshire Hathaway Қытайдың ең ірі электромобиль өндірушісі BYD акцияларын дереу сата бастады деп хабарлайды Reuters. Гонконг қор биржасының ақпаратына сай, Berkshire 19 маусымда BYD H-акцияларындағы үлесін 5,99%-ға дейін қысқартты. 11 маусымда үлесі 7,02% еді.

Баффет BYD-ға 2008 жылы инвестиция сала бастаған. Сол кезде ол 225 миллион акцияны 230 миллион долларға сатып алған. Содан бері бір акцияның бағасы 20 есе өсті.

АҚШ пен ЕО жақында Қытай электромобильдеріне баж салығын енгізді, оларға Канада да қосылғысы келіп отыр. Уоррен Баффет осы жайтқа мән беріп, Berkshire Hathaway портфеліндегі BYD үлесін азайтып жатқан көрінеді.

BYD болса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында басты бәсекелесі – Tesla-ға дес беріп қойды. Илон Масктың компаниясы әлемдік электромобиль нарығының көшбасшысы болып танылды, ал BYD екінші орында.

Мишель Боумен (ФРЖ): Биыл мөлшерлемелерді төмендету жоспарда жоқ

«ФРЖ басқарушылар кеңесінің мүшесі Мишель Боумен сейсенбі, 25 маусымда пайыздық мөлшерлемелердің 2024 жылдың соңына дейін төмендемейтінін және инфляция бәсеңдемейтін болса, оларды тағы көтеруге дайын екенін мәлімдеді» деп жазады FOX Business. «Біз мөлшерлемені төмендетуге болатын межеге әлі жеткеніміз жоқ», − деді Боумен. Оның пікірінше, мөлшерлемелерді тым ерте төмендетсе, инфляция қайта өсуі мүмкін. Боуменнің айтуынша, 2024 жылдың басынан бергі инфляцияның төмендеу қарқыны «мардымсыз» әрі инфляция «біраз уақыт бойы» жоғары болып тұра береді деген қауіп бар.

Сондай-ақ оқыңыз