Мықты есептен кейін Carnival круиз компаниясының акциясы күрт қымбаттады

Жарияланды
Carnival клиенттерінің депозит көлемі екінші тоқсанда рекордтық деңгейге – 8,3 млрд долларға жетті, бұған дейінгі рекорд 1,1 млрд доллар болған / Фото: Carnival

Carnival круиз компаниясының акциялары 2024 жылдың екінші тоқсанының есебі жарияланғаннан кейін 9%-ға өсті. Бұл көрсеткіш сарапшылар болжамынан асып түсті. Круиз операторы күтпеген пайда тапқанын хабарлап, жылдық болжамын жақсартты. Carnival-дан кейін Royal Caribbean акциялары 4%-ға, ал Norwegian Cruise Line акциялары 5,1%-ға қымбаттады деп жазады The Wall Street Journal.

Толығырақ

Сейсенбі күнгі саудада Carnival круиз операторының акциялары 8,72%-ға өсіп, 17,82 долларға жетті. Компания екінші тоқсанның есебін жарияланғаннан кейін осылай болып отыр. Круизге сұраныстың жоғары болуы арқасында, компания өткен тоқсанда күтпеген пайдаға кенелгенін хабарлады. Осындай нәтижеге жетуге билет бағасының қымбаттығы, жолдама алғандардың көптігі мен жолаушылардың сапар кезіндегі шығындарының артуы сеп болған.

Carnival өкілдері екінші тоқсанда клиент депозиттерінің жалпы көлемі 8,3 миллиард долларға жетіп, бұрынғы рекордтан 1,1 миллиард долларға асып түскенін мәлімдеді.

«Компания 2025 жылғы рейстеріне билет брондағандар саны бойынша рекордқа жетіп отыр, оның қызметіне тапсырыс бергендер саны да өсуде, − дейді Reuters Carnival компаниясының бас директоры Джош Вайнштейнге сілтеп. – Қазірдің өзінде байқағанымыз: 2025 жылға алдын ала брондалған орындардың саны 2024 жылдағыдан көп, бағасы (тұрақты валютада) да, орын толтыру көрсеткіші де жоғары».

Жақсы есеп жарияланған соң, Carnival-дың бәсекелестерінің акциялары да қымбаттаған: Royal Caribbean акциялары 4%-ға, ал Norwegian Cruise Line акциялары 5,1%-ға өсті.

Carnival есебінің нәтижелері

2024 жылдың екінші тоқсанында компания 92 млн доллар немесе бір акцияға шаққанда 0,07 доллар пайда тапты. Былтыр осы кезеңдегі шығын 407 млн доллар немесе бір акцияға шаққанда 0,32 доллар болған еді. LSEG сауалнамасына қатысқан сарапшылар бір акцияға шаққанда 0,02 доллар шығын болады деп күткен. Бір реттік шығындарды шегеріп тастағандағы пайда бір акцияға 0,11 долларды құрады. Уолл-стриттегілер түзетілген шығын бір акцияға шаққанда 0,01 доллар болады деп болжаған. Табыс шамамен 18%-ға өсіп, 5,78 млрд долларға жетті, бұл сарапшылардың болжамынан шамамен 10 млн долларға асып түсті.

Carnival компаниясының түзетілген таза пайдасы жыл қорытындысы бойынша 1,55 млрд долларға жетпек. Бұл бұрынғы болжамнан 275 млн долларға жоғары.

Компания сондай-ақ өтімділіктің жоғары болуы мен қаржы көрсеткіштерінің жақсаруы арқасында екінші тоқсанда 1,6 млрд доллар қарызды мерзімінен бұрын өтегенін мәлімдеді. Осы ретте жыл соңына дейін елеулі прогресс болмайтын көрінеді:

«Carnival-дың таза қарызы әлі де көп, қазір ол 27,7 млрд доллар, − деді Reuters-ке Hargreaves Lansdown акциялар сарапшысы Деррен Натан. – Әдетте екінші тоқсан ақшалай қаражат генерациясы тұрғысынан ең жақсы кезең саналады, сондықтан биыл қарызды азайту бағытында айтарлықтай алға жылжу байқалмайды».

Акция жайы

Жыл басынан бері Carnival акциялары 3,88%-ға арзандады. Пандемиядан кейін қарыздың көп жиналғаны компанияға ауыртпалық түсіруде. Соңғы 12 айда компанияның құны 12%-ға өсті. Уолл-стриттің акциялар бағасы бойынша консенсус-болжамы 20,5 доллар, бұл 15%-ға өсу ықтималдығын білдіреді. MarketWatch мәліметтері бойынша, Carnival акцияларын бақылайтын 26 аналитиктің 21-і оларды сатып алуды, үшеуі ұстап отыруды, ал екеуі сатуды ұсынады.

Сондай-ақ оқыңыз