Жаңалықтар

Google Pixel смартфондары мен жаңа жасанды интеллект функцияларын таныстыратынын хабарлады

Google Pixel құрылғыларының жаңа тізбегін әзірлеуде \ Фото: Unsplash/Solen Feyissa

Google тамыз айындағы іс-шарада жаңа жасанды интеллект (ЖИ) функциялары, жаңартылған Pixel құрылғылары мен Android платформасын таныстырмақ. Биыл таныстырылым ерте өтеді. Әдетте Google жаңа Pixel смартфондары мен сағаттарын күзде көрсететін. Google-дың бас компаниясы Alphabet-тің акциялары сейсенбі, 25 маусым, жаңа рекордтық деңгейге жетті.

Толығырақ

Таныстырылым өтетінін бірінші болып Verge басылымы хабарлады. Ол Made by Google іс-шарасына шақыру алғанын жариялаған. Шақыруда компанияның «Google-дан ең үздік жасанды интеллект, Android бағдарламалық құралы, сондай-ақ Pixel құрылғыларын» көрсететіні айтылған. Іс-шара 13 тамызда Маунтин-Вьюдегі Google штаб-пәтерінде өтеді.

Reuters агенттігінің өкілдері Alphabet-тен түсініктеме беруін өтініп еді, компания жауап бермеді. Бірақ «АІ… meet IX» (ЖИ… мен IX тоғысуы) атты іс-шараға арналған бейнеролик жариялапты. Pixel смартфонының бұрынғы үлгісінің нөмірі 8 еді.

Контекст

Reuters атап өткендей, Made by Google іс-шарасы биыл әдеттегіден ерте өтеді. Бұрын компания жаңа Pixel құрылғыларын күзде көрсететін. Google бәсекелестерінен қалмауға тырысып жатыр. Осы айдың басында Apple компаниясы Siri атты көмекшінің жаңа нұсқасы шыққанын, сондай-ақ iPhone мен Mac құрылғыларында Apple Intelligence генеративтік ЖИ негізінде көптеген жаңа функциялар пайда болатынын жариялаған. Microsoft ЖИ көмекшісі Copilot-ты іске қосты, ал Amazon компаниясы Alexa атты дауыстық көмекшінің жаңартылған үлгісі мен жаңа Metis ЖИ көмекшісін таныстыруға дайындалуда.

Акция жайы

Сейсенбі күні Alphabet акциялары тарихи максимумды жаңартып, сауда-саттық жабылуға таяғанда 2,65%-ға қымбаттап, 185,58 долларға жетті.

Жыл басынан бері Alphabet акциялары 30%-дан астамға, ал соңғы 12 айда 55%-ға өсті. Уолл-стриттің Alphabet-тің A санатындағы акцияларының бағасы бойынша консенсус-болжамы 192,33 доллар, бұл 4,5%-ға өсу ықтималдығын білдіреді. MarketWatch мәліметтері бойынша, Google-дың бас компаниясының акцияларын бақылайтын 63 сарапшының басым бөлігі оларды сатып алуды ұсынады. Ал 14 сарапшы бұрын сатып алған акцияларды портфельде ұстауды жөн көріп отыр. Alphabet акцияларын сату керек деп ешбір сарапшы айтпады.