Жаңалықтар

Медаль жоспары артығымен орындалды. ҚШФ өкілі шахмат спортын қаржыландыру қалай жүзеге асатынын айтып берді

Команда 25 медаль, соның ішінде 12 алтын медаль жеңіп алып, керемет нәтиже көрсетті. Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Биыл жазда Қазақстан әлемнің шахмат жұлдыздары жиналып, ірі турнирлер өтетін орталыққа айналды. Тамыздың басында Астанада жылдың ең маңызды шахмат оқиғаларының бірі –  клубтар арасындағы әлем чемпионаты өтпек. Ал бір апта бұрын Алматыда жасөспірімдердің 26-шы Азия чемпионаты аяқталды. Осы орайда біз әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетовамен жүздесіп, аталмыш чемпионаттың нәтижелері төңірегінде сұхбат құрдық.

– Гүлмира Бекзатқызы, Қазақстан шахмат федерациясының қауырт жұмыс кестесіне қарамастан, уақыт тауып, 26-шы Азия жасөспірімдер чемпионатының нәтижелері туралы әңгімелесуге келісім бергеніңізге көп рахмет. Әуелі турнирдің нәтижелерін қалай бағалайсыз? Медаль жоспары орындалды ма?

– Алдымен чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтағым келіп отыр. Мен балалардың табандылығына, еңбекқорлығына, жеңіске жетем деген ерік-жігеріне тәнтімін. Команда 25 медаль, соның ішінде 12 алтын медаль жеңіп алып, керемет нәтиже көрсетті. Бұл жалпы командалық есепте сөзсіз бірінші орын. Турнирге құрлықтың ең мықты командалары – Үндістан, Иран, Өзбекстан, Қытай құрамалары қатысқанын ескерсек, мұндай нәтижені нағыз тарихи жетістік деуге болады.

Бұл чемпионат тек біз үшін, яғни ұйымдастырушылар үшін ғана емес, бүкіл шахмат әлемі үшін айтулы оқиға. Бүгінде дәл осы Азия құрлығы шахмат әлемінде соны жол салып, үстемдік ету үстінде. Тұтас шахмат саласы да жасарып келеді. Сондықтан Алматыдағы чемпионатымызға қатысқан 600-ден астам қатысушыны – шахматтың болашағы деп емес, оның қазіргі келбетін айшықтап тұрғандар деп білеміз.

Тек сандар мен фактілер тілінде сөйлесек, қазіргі гроссмейстерлер − 12, 13 және 14 жастағылар. Алты жыл бұрын үндістандық Гукеш Доммараджу осындай чемпионатта жеңіске жеткен. Ал биыл, 18 жасында, әлем чемпионы атану үшін матч ойнамақ, демек тарихтағы ең жас қатысушы атанбақ. Айтпақшы, оның қарсыласы − қытайлық Дин Лижэнь. Әйелдер арасындағы келесі әлем чемпионы атағы үшін екі қытайлық – Цзюй Вэньцзюнь мен Тань Чжунъи күреседі. Азияның шахмат әлеміндегі үстемдігі дегеніміз осы.

Медаль жоспарын айтсақ, оны орындап қана қоймай, тіпті асырып жібердік (күледі). Жүлделі орын алмаған балалардың өзіне бұл үлкен тәжірибе болды. Көбі осындай деңгейдегі біріншілікке алғаш рет қатысты.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

– Бәлкім, біреуді бөліп-жарып көрсеткен қиын да шығар, дұрыс та болмас. Дегенмен ерекше атап өтуге тұрарлық жетістіктер бар ма?

– Меніңше, мұндағы елеулі әрі психологиялық тұрғыда айтулы жетістік дегеніміз – юниорлар арасындағы «классикада» 6 алтын медальдің 5-еуін жеңіп алғанымыз. Біз ерлер шахматына әйелдер шахматына қарағанда көңіл аз бөлінеді дегенді жиі еститінбіз, осындай сын айтылатын. Ал қазір, қарап тұрсаңыз, осы жетістікпен қатар Қазыбек Нөгербек есімді отандасымыздың Үндістанда 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлем чемпионы атанғанына қуанып отырмыз.

Демек, ересектер құрамасының болашағы зор деген үміт бар. Көп ұзамай дәл осы жігіттер топ жарады деп сенемін.

– Біздің жігіттердің жетістігінің сыры неде?

– Бұл жан-жақты ойластырылған жұмыстың нәтижесі. Бәрін тізіп отырғым келмейді, дегенмен жаттықтырушылар, ата-аналар мен спортшылардың пікіріне сілтеп айтатын болсам, Федерация президенті Тимур Турловтың жас таланттарды қолдау бастамасының көп септігі тиді.

Былтыр арнайы құрылған тәуелсіз комиссия елде 2007−2014 жылдары туған 45 үздік жас шахматшыны анықтады. Оларға «алтын», «күміс» және «қола» деген үш пакет бойынша қолдау көрсетіледі. Қаржылай және басқа да жолмен ынталандыру жүйесі бар. Бұған қоса, жаттықтырушы сағаттары мен сабақтары, оқу-жаттығу жиындары, беделді деген халықаралық турнирлерге барып келу, Қазақстан ішінде өтетін көптеген чемпионатқа қатысу шығындары да өтеледі.

– Спорттағы нәтижеге оң баға берген екенсіз, ал турнирдің ұйымдастырылуын қалай бағалайсыз?

– Жалпы, біз осындай ауқымдағы турнирлерді ұйымдастыруда, әсіресе, соңғы бір жарым жылда көп тәжірибе жинадық. Осы уақыт ішінде Алматыда рапид және блиц бойынша әлем чемпионаты өтті, содан кейін Астанада әлем чемпионы атағы үшін матч болды, Ақтауда мектеп оқушылары арасындағы алғашқы командалық әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Федерацияның 2024 жылға арналған күнтізбелік жоспарында 60-тан астам турнир бар, соған қарағанда біз әр төрт күн сайын турнир өткізеді екенбіз.

Біздің кез келген чемпионатты ұйымдастырудағы басты міндетіміз – қатысушылар мен қонақтарға ең қолайлы жағдай жасау. Мұның ішінде логистика, жайғастыру, тамақтандыру сияқты жұмыстар бар. Әрине, ойын керек-жарақтары, төрелік жасау, іс-шара өтетін ғимарат, жарықтандыру дегендер де маңызды. Ұсақ-түйек шаруа көп. Әңгіме балалар туралы болғанда, жауапкершілік те айтарлықтай жоғары ғой.

Ұйымдастыруға келгенде, мемлекеттік органдардың көмегі қажет. Осы ретте бізде кімнің неге жауап беретіні нақты бекітілген. Қандай болмасын деңгейдегі турнирді әкімдік, тиісті ведомстволар, жергілікті полиция қызметі, медицина қызметкерлері мен өрт сөндірушілердің қатысуынсыз ұйымдастыру мүмкін емес. Бұл чемпионат та солай. Біз Алматы әкімдігіне, атап айтқанда, спорт басқармасына қолдау көрсеткені үшін өте ризамыз.

–  Нақты қандай қолдауды айтар едіңіз?

– Бұл – Балуан Шолақ атындағы спорт кешенін беріп қана қоймай, оның ойын алаңын дайындап беру, қатысушыларға арналған мәдени бағдарламалар, турнирдің ашылуы мен жабылуында дыбыстық және техникалық қамтамасыз ету, трансляция және басқа көптеген қолдаулар.

Қазақстан шахмат федерациясы логистика, тамақтандыру, жайғастыру шығындарын өз мойнына алды. Яғни жалпы алғанда ҚШФ қаражатынан 364 млн теңге жұмсалды. Бұл қаражат басты инвестор – Freedom Holding Corp. қаражаты екенін айту маңызды.

Көбісі шахматты шығыны аз спорт түрі деп ойлайды. Алайда еліміз үшін үлкен имидждік маңызы бар ірі халықаралық жарыстар болғанда оның бюджеті жүздеген миллион теңге болады. Мемлекеттік органдар мен жеке бизнес федерацияға, біздің турнирлеріміз бен бастамаларымызға қолдау білдіріп жатса қуанамыз. Ал алдыңғы сұраққа оралсақ, Азия шахмат федерациясы, шетелдік делегациялар мен кәсіби қауымдастық турнирді жоғары деңгейде өтті деп бағалады.

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

– Курсив – іскери  басылым, сондықтан бізге қаржылық тұсы аса қызықты. Қазір ҚШФ-ның жылдық бюджеті қандай? Егер демеушілік көмекті тарту жайын айтатын болсаңыз, онда ол үшін не істеліп жатыр?

– Рет-ретімен айтайық. 2024 жылы Федерацияның жалпы бюджеті – 5,5 млрд теңге. Қазақстандық шахмат саласында бұған дейін мұндай бюджет ешқашан болған емес. Бұл қаражат бас акционері президент Тимур Турлов болып отырған біздің серіктесіміз Freedom Holding Corp.-тан түседі.

Шығындардың негізгі бөлігі – республикалық және халықаралық турнирлерді өткізуге, шетелдік турнирлерге, оқу-жаттығу жиындарына қатысуға кетеді. Жалпы алғанда – 2,3 млрд теңге.

Дайындық кезінде спортшылардың басты қажеттіліктерін жабуға мүмкіндік беретін гранттарға, жеңістері мен жетістіктері үшін берілетін сыйақыларға Федерация 600 млн-нан артық ақша бөледі. Сонымен қатар жас таланттарды қолдау бағдарламаларына 460 млн теңге бөлінеді.

Шахматты мектеп бағдарламасына енгізу, жаттықтырушылар мен арбитрларды оқытуға шамамен 230 миллион теңге жұмсаймыз.

Бір күндігімізді ойласақ, әрине, бұл қаражат жеткілікті. Бірақ қаржыландыру көздерін әртараптандыру қажет екеніне қатты сенімдімін. Бұл жауапкершілікті біреуге арту немесе ақша табуға деген ұмтылыс емес, бұл адами капитал мен зияткерлік ұлтты дамыту ортақ іс деген парасатты саясат.

Былтыр еліміздің барлық өңірінде ҚШФ-ның филиалдарын аштық. Ол филиалдардың басшылары жергілікті бизнесмендер болды. Бүгінгі күні олар турнирлер өткізіп, керек-жарақты алып, жергілікті жас таланттарға көмектесіп жатыр. Менің ойымша, мұндай тәсіл мәселені нақты және мақсатты шешуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл оқиға үлкен ауқым алу керек. Жауабымды қорытындылай келе, мұның барлығы институционалдық әсер, сабақтастық және бизнестің ұзақмерзімді перспективада шахматқа инвестиция салуға ынтасы болуы үшін жасалып жатқанын айтқым келеді.

Әрине, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды өте бағалаймыз. Жергілікті атқарушы органдар да өңірлерде турнирлерді өткізуде үлкен көмек көрсетеді. Салалық ведомство – Туризм және спорт министрлігі біздің ерлер мен әйелдер құрама командасының шетелдегі жарыстарға баруын қаржыландыруға көмектеседі, сондай-ақ команда мүшелеріне шәкіртақы бөледі.

Корпоративтік турнирлер ұйымдастыруда мемлекеттік органдармен өзара белсенді әрекет етеміз. Мәселен, қазір Сенат Кубогының жартылай финалы өтіп жатыр.

– Тамыз айында Астанада клубтар арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Дайындық барысы жайлы айта аласыз ба?

– Жұмыс аяқталуға жақын. Жақын арада, ФИДЕ-мен барлық келісім жасалғаннан кейін, алдағы іс-шара мен оның барлық ерекшеліктері туралы толығырақ айтатын боламыз деп ойлаймын. Әлемнің ең мықты шахматшылары: Магнус Карлсен, Дин Лижэнь, Янг Непомнящий, Хоу Ифан және т.б. өздерінің қатысатындарын растады. Ұйымдастыру деңгейі, қатысушылардың құрамы және бұқаралық ақпарат құралдары, әлемдік қауымдастық тарапынан қызығушылық тұрғысынан бұл турнир 2024 жылы шахмат әлеміндегі басты оқиғалардың біріне айналуы мүмкін деп сендіре аламын. Жұмыс көп, бірақ біз бәрін еңсеріп шығамыз!

– Көп рақмет, табыс тілейміз.