Экс-министр Бишімбаев пен оның туысы Байжановқа шыққан үкім өзгеріссіз қалды
26 маусымда Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі апелляция сатысында қаралды. Апелляциялық сот бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 24 жылға сотталған. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырып қалу бабы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қуандық Бишімбаев аппеляциялық сот барысында қылмыстық іс бірінші инстанцияда қаралған кезде өзіне барлық дәлелді ұсынуға мүмкіндік берілмегенін айтты.
«Маған дәлел келтіру мүмкіндігі берілмеді. Бұл туралы сот барысында да бірнеше рет айттым. Түсінгенім бойынша шындық ешкімге керек емес, шешім алдын ала шығып қойған. Мен тек адвокаттарымның айтқанын қолдаймын», – деді Бишімбаев.
Сот алқасының қатысуымен басталған сот отырысында бірінші болып Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов экс-министрге шыққан үкімді өзгертуді сұрады. Сондай-ақ Бишімбаевқа «қинау» бабы бойынша шыққан үкімнің күшін жою қажет деп санайтынын жеткізген еді.
«Үкімді заңсыз деп танып, Қылмыстық кодекстің 99-бабы «адам өлтіру» бабын Қылмыстық кодекстің 106-бабына («денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру кісі өліміне әкелген жағдай») ауыстыру қажет деп санаймын», – деген Ғазымжанов.
Ол бірінші инстанцияда 20 заң бұзушылық болғанын айтқан болатын.
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені туралы ақпарат қоғамда резонанс тудырды. Сот отырысы сотталушының сұрауымен ашық өткен болатын. Ол марқұмды өлтіргені және қинау әрекеті бойынша кінәлі деп танылып, 24 жылға сотталған. Ал оның туысы Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді.