«Қара нарықтан» алынған есірткі құны 17 млрд теңге: жыл басынан бері 40-тан астам есірткі жеткізу арнасы жойылған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
есірткі жеткізу
40-тан аса есірткі жеткізу арнасы жойылды. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

2024 жылдың басынан бері ҰҚК есірткінің заңсыз айналымына қарсы 96 операция жүргізген. Нәтижесінде 40-тан аса есірткі жеткізу арнасы жойылған. Соның ішінде 24-і – халықаралық, 17-сі аймақтық есірткі жеткізу арнасы. Сондай-ақ 16 жасырын есірткі зертханасы жойылды.

«1987 жылы 26 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні деп жариялады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқа мемлекеттік органдармен қатар осы қатерлерге қарсы іс-қимылға белсенді қатысады. 2024 жылдың басынан бері ҰҚК есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша 96 операция, оның ішінде 23-і шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен жүргізді», – делінген ҰҚК хабарламасында.

1,3 тоннадан астам есірткі мен психотроптық зат заңсыз айналымнан алынған. 4,6 тонна көкнәр мен синтетикалық есірткі жасау үшін пайдаланылатын 13, 6 тонна химиялық реагенттің көзі жойылды. Осы «қара нарықтан» алынған есірткінің құны шамамен 17 млрд теңгені құрайды. Ал айналымға жіберілген көлем шамамен 5 млн доза.

ҰҚК дерегінше, Қазақстанның 54 азаматы мен шетелдіктерге қатысты сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр. Заңсыз айналымнан 790 кг астам есірткі және психотроптық заттар алынған.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстан Орталық Азиядағы «синтетикалық есірткі» өндірісінің ошағына айналды деп дабыл қаққан. Соңғы 4 жылда «синтетиканың» заңсыз айналымы 10 есе арып, ал жойылған есірткі зертханаларының саны 27 есе өсті. Есірткіге қатысты қатаң жазаға қарамастан, Қазақстаннан шыққан «синтетика» қазірдің өзінде Қырғызстан мен Өзбекстанның нарығын жаулап алған.

Енді есірткі өндіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 21 мамырдағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жасырын зертхана ашып, есірткі өндірген азаматтарды өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейтін заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген. Құжат нашақорлық пен есірткі бизнесіне мемлекеттік және қоғамдық қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыз