Метро құрылысынан 5 млрд теңге жымқырған: Алматы метрополитенінің бұрынғы басшылығына сот үкімі шықты
Алматы қаласының соты метро құрылысы кезінде 5 миллиард теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айып тағылған 10 адамға қатысты үкім шығарды. Істің негізгі фигуранттары 7-8 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлайды.
Сот барысында айыптау жағы сотталушылардың «Метрополитен» КМК, «Алматыметроқұрылыс» АҚ, «Автоматтандыру және технологиялар қызметі» ЖШС-ні басқарып тұрған кезінде жалған фирмалар арқылы ірі көлемде қаржы шығарып алғанын дәлелдеді.
Бұрынғы басшылар өз сыбайластарымен бірігіп, 2018 жылдың маусымы мен 2020 жылдың тамызы аралығында «Сарыарқа» және «Достық» станцияларына бөлінген қаржыны жеп қойған. Осы метро станциялары құрылысы барысында керек-жабдық құнын 10 есе қымбат көрсетіп, артық ақшаны жалған фирмалар арқылы иеленген.
Үш мекеменің басшылары 7-8 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар мемлекеттік және қаржы ұйымдарында жұмыс істей алмайды. 1 млрд теңге шығын мемлекетке қайтарылған.
«Сотталғандар мемлекеттік және қаржы ұйымдарында жұмыс істеу құқығынан айырыла отырып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды (негізгі фигуранттар 7 жылдан 8 жылға дейін). Сонымен қатар сот 1 млрд теңгеден астам сомаға тыйым салынған мүлікті тәркілеуді қолданып, мемлекетке келтірілген шығынды өндірді», – деп жазылған хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
«Курсив» 2022 жылы бір метро станциясының құрылысына бюджеттен кемінде 30 миллиард теңге жұмсалатынын жазған. Мысалы, «Алматыметроқұрылыс» (Сайран, Мәскеу, Сарыарқа, Б.Момышұлы стансаларының құрылысының бас мердігері) салған Сарыарқа мен Б. Момышұлы стациясының құны – 62 млрд теңге.
Алматы метрополитені 2011 жылдың 1 желтоқсанында ашылды. Бұл – Қазақстандағы алғашқы және жалғыз метро. Қазіргі кезде 11 бекеті бар: «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов театры», «Алатау», «Сайран», «Мәскеу», «Сарыарқа» және «Б. Момышұлы».
Жақында Антикор «Метрополитен» КМК мекемесіне қатысты сотқа дейінгі тексеру жүргізіп жатқаны белгілі болды.