Жаңалықтар

Microsoft корпорациясына Еуроодақтың монополияға қарсы заңын бұзды деген айып тағылды

айып  тағылды
Microsoft корпорациясына айып тағылды. Фото: shutterstock.

Microsoft корпорациясына Еуроодақтың монополияға қарсы заңын бұзды деген айып тағылды. Оған себеп – Teams платформасы.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, ЕО айыбы Teams платформасын Microsoft 365 бағдарламалар жиынтығымен біріктіруге қатысты. Сонымен қатар компанияның баға саясаты да Eурокомиссия көңілінен шықпай отыр.

Microsoft корпорациясының ұстанып отырған баға саясаты пайдаланушылардың басқа қызметтерді таңдауын қиындатады деп тұжырымдайды.

Microsoft Teams корпоративтік платформасы чат, жиналыс, жазба және тіркемелерді біріктіреді. Платформа коронавирус пандемиясы кезінде қашықтан оқыту мен жұмыс форматына көшкенде танымал болды.

Teams Slack платформасына бәсекелес ретінде әзірленген. ЕО Slack платформасынан шағым түскен соң, Teams платформасы бойынша Microsoft-қа қатысты ресми тергеуді бастады.

Сонымен қатар 24 маусымда Еуропалық Одақ Apple компаниясын цифрлық нарықтар туралы жаңа заңға сәйкес емес деп айыптады. ЕО-ның монополияға қарсы өкілетті органы Apple қосымшаларындағы дүкен әзірлеушілерге клиенттерді балама сатып алу тәсілдеріне еркін бағыттап жіберуге мүмкіндік бермейді деп есептейді. Apple-дің кінәсі дәлелденсе, жылдық жаһандық кірісінің 10%-ына дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін.