Жаңалықтар

Қазақстандағы ең танымал курорттық аймақ қандай?

курорттық
Ең танымал курорттар тізімі шықты. Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова.

Қазақстанның курорттық аймақтары 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында 766,6 мың адамға қызмет көрсеткен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 63,1 мың адамға артық.

Осы кезеңдегі ең танымал курорттық аймақ –  Алматы тау кластері болған. Үш айда оған 551,9 мың адам келген. Екінші орын Щучье-Бурабай курорттық аймағына тиесілі. Бұл аймақта 69,1 мың адам демалған.

Ал ең тамал курорттардың үштігін  Маңғыстау курорттық аймағы түйіндейді. І тоқсанда бұл аймақтағы қонақүйлерге 57,5 мың келуші тоқтаған.

Үздік бестікке сонымен қатар екі танымал курорттық аймақ – Түркістан туристік аймағы (26,1 мың адам) және Алтай курорттық аймағы (20,7 мың адам) енді.

«2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында курорттық аймақтарда орналастыру орындарымен көрсетілген қызметтердің көлемі 27,8 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың осындай кезеңінде 23,2 млрд теңгеге қызмет көрсетілді, бұл тиісінше 19,8%-ға артық», – делінген ҰСБ хабарламасында.

Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша Қазақстан туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Кейінгі төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «цифрлы көшпенділерді» туризмді дамыту ісіне тартуды тапсырған.

Тоқаев әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлы көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.

«Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Туризмді дамыту мақсатында еліміздің туристік картасы бекітілген болатын.

Құжатта бектілген туристендіру картасына 102 түрлі туристік нысан мен аймақ енген. Оның ішінде республикалық деңгейдегі 33 туристік аумақ пен нысан бар.

Республикалық деңгейдегі туристік аумақ тізіміне Алматы, Астана, Түркістан қалалары енген. Сонымен бірге бұл тізімге Көлсай-көлдері, Тарбағатай, Іле-Алатау, Шарын, Қатон-Қарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатауы, Сайрам-Өгем және т.б. мемлекеттік ұлттық табиғи парктері кірген.