Lifestyle

Қырғызстан президенті нереме қарындасы үшін кешірім сұрады: Ләззат Нұрғожоеваға жігіті сән-салтанатпен тұрмысқа шығуға ұсыныс білдірген

Садыр Жапаров
Садыр Жапаров қырғыз халқынан кешірім сұрады. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров немере қарындасы Ләззат Нұрғожоеваға жігіті сән-салтанатпен тұрмысқа шығуға ұсыныс білдіргеннен кейін, халықтан кешірім сұрады. Ол қарындасы бен күйеу жігіт қырғыз халқының сынынан қорытынды шығарады деп үміттенеді. Бұл туралы «Кабар» агенттігі хабарлайды.

Маусымның 24-і күні кешке президенттің немере қарындасы, 23 жастағы Ләззат Нұрғожоеваға болашақ күйеуі тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Ол Instagram парақшасында мерекелік сәттің фото-видеоларын жариялады.

Жергілікті БАҚ күйеу жігіт ұсынысын Бішкек маңындағы Оруу-Сай шатқалында жасағанын жазады. Қос ғашық бұл шатқалға Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне тиесілі тікұшақпен жеткен. Журналистер тікұшақты жалға алуға болатынын атап өтеді.

Алайда президент қарындасына осындай сән-салтанатпен ұсыныс жасалғаны қырғыздардың сынына ұшырады. Мемлекет басшысы отандастарынан кешірім сұрады.

«Ел басшылығының жақындары өзгелерге үлгі болуы керек. Мен ысырапты тоқтату керек деп қақсап келемін. Ең болмаса, болашақ күйеу бала бұл бастаманы қолдап, ойланатын еді. Президентті сөзге қалдырмай, елдің сынына ұшырамаудың жайын ойлар еді. Жастықпен жасады деп ойлаймын. Алдағы уақытта елдің сын-пікірін ескеріп, қорытынды шығарады деген ойдамын», – деді Садыр Жапаров.

Жапаров туған-туыстарына мемлекет ісіне араласпауды үнемі ескертетінін атап өтті. Президент енді мұндай жағдайға жол бермейтініне сендірді.

«Мен бұрын басқаларды сынайтынмын. Енді өз басыма түсіп тұр», – деп қосты ол.

Жапаров Төтенше жағдайлар министрлігіне тиесілі тікұшақтардың жалға берілетінін де растады. Алынған ақша бюджетке түсіп, жаңа тікұшақ алуға жұмсалады.