Жыл басынан бері 12 пайызға өскен: халықтың мойнында 11,3 трлн теңге тұтынушылық несие бар
Қазақстан банк секторының ел экономикасына берген кредиті соңғы айда 1% өскен. Мамырдың басында банк секторының берген несиесі 30,8 трлн теңгеге тең болса, 1 маусымда ол 31,1 трлн теңгеге жеткен. Ұлттық банк статистикасынан халықтың тұтынушылық несиесі 5 айда 12,3% өскенін байқауға болады.
Банк секторына екінші деңгейлі банктер мен «Қазақстан Даму Банкі» АҚ жатқызылады. Соның 13,2 трлн теңгесі бизнеске берілген несие болса, 18 трлн теңгеге жуығы халықтың алған кредиті.
Осы 18 трлн теңгенің 11,3 трлн теңгесі – халық мойнындағы тұтынушылық несие. Бұл кредит көлемі 1 айдың ішінде 1,7% пайыз өскен. Жыл басынан бергі 5 айда 10 трлн теңгеден 11,28 трлн теңге жеткен.
Жыл басынан бері қазақстандықтар 5,5 трлн теңгеге ипотекалық несие рәсімдесе, 1,2 трлн теңгесі басқа мақсатта деп көрсетілген.
Бизнеске берілген 13,2 трлн теңге несиені шағын (6,1 трлн) және ірі кәсіпкерлер (5,2 трлн) алған. Орта бизнестің алған несиесі қазір 1,8 трлн теңге болды.
Несиенің пайыздық мөлшерлемесі қандай?
Мамырда жеке тұлғалар үшін орташа несие мөлшерлемелері аздап төмендеді: теңгеде 20,8%-дан 20,4%-ға және шетел валютасында 4,8%-дан 4,1%-ға дейін. Заңды тұлғалар үшін теңгедегі несиенің пайыздық мөлшерлемесі 17,9%-дан 18,1%-ға өсті, ал шетел валютасында олар 7,7%-дан 7,6%-ға дейін аздап төмендеді.
Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша мөлшерлеме де теңгеде аздап төмендеді (теңгедегі 13,7%-дан 13,6%-ға дейін), шетел валютасында олар бұрынғы деңгейде қалды (0,9%). Заңды тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша мөлшерлеме өзгерген жоқ (13,7%), шетел валютасында 2,5%-дан 2,6%-ға дейін өскен.
Жыл басына бері экономика берілген несие көлемі 35,8 трлн теңгені құрады. 2024 қаңтарынан бергі өсім 3,5 пайыз болған. Бұл сомаға банктердің бизнеске берген несиесі, халықтың алған ипотекасы, МҚҰ-ның ұсынған қарызы, квазимемлекеттік ұйымдардың («Бәйтерек» ҰХБ еншілес ұйымдары) нақты секторға берген несиесі жинақталған.