«Асхат Ниязовқа арыз жазғыш министрліктің осыған шамасы келмей отыр ма?»: депутат Ринат Зайытов Мәдениет және ақпарат министрлігінің жалған ақпаратқа қарсы жұмысын сынға алды
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов Мәдениет және ақпарат министрлігінің жұмысын сынға алды. Депутат министрлік АҚШ-тың биологиялық зертханаларына қатысты жалған ақпараттың таралуын жеткілікті қадағаламай, тек Асхат Ниязовтың үстінен шағым түсіруді біле ме деп сауал тастады.
«Сүйікті Мәдениет және ақпарат министрлігімізге сауал. Бірінші сауал, анықтап алу үшін, бізде АҚШ-тың қанша биолабораториясы бар? Бар болса, біз неге білмейміз? Жоқ болса, неге осындай ақпаратты әлеуметтік желіде тарататын адамдарға жүген салмайсыздар? Асхат Ниязовқа арыз жазғыш министрліктің осыған шамасы келмей отыр ма?» – деді депутат.
Вице-министр Қанат Ысқақов мұндай фейктер ақпараттық шабуыл ретінде тіркелетінін айтты.
«Ешкімге құпия емес, біз мұны ақпараттық шабуыл ретінде тіркейміз. Алайда бірнеше рет Сыртқы істер министрлігі, уәкілетті органдар нақты жауап берді. Қазақстанда ешқандай АҚШ-тың немесе басқа елдің биолабораториясы жоқ. Тиісті ғылыми-зерттеу орталығы бар. Ол толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырылады және отандық мамандар жұмыс істейді», – деді вице-министр.
Қанат Ысқақовтың айтуынша мұндай жалған ақпараттарға мониторинг жүргізіліп отырады. Алайда жалған ақпаратты бейресми арналар, олардың ішінде шетелдік құралдар тарататынын айтады.
Асхат Ниязовқа қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 456-2 «Жала жабу» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны белгілі. Іс Protenge арнасының «ҚР Сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартты» деген жазбасын репост жасағаны үшін ашылған. Кейін бұл істе Асхат Ниязов жеңгенін хабарлады.