Алиментті әке орнына мемлекет төлей ме? Вице-премьер мемлекеттік алимент қорын құруға қатысты сұраққа жауап берді

Жарияланды
Әдiлет министрлiгi алимент мәселесін зерделеп жатыр / Архив: kursiv.media

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттардың елімізде арнайы мемлекеттік алимент қорын құру туралы бастамасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай қор құрылуы мүмкін, бірақ қазір қажетті есептеулер жүргізіліп жатыр.

«Әдiлет министрлiгi осы мәселені зерделеп жатыр. Қанша әйел алимент ала алмай жүргенiн және қанша әйелге алимент төлеу тоқтатылғанын есептеп жатыр. Егер әкесі жұмыссыз қалғандықтан балаға алимент төленбесе, біз мұны есептейміз. Мемлекеттік алимент қорында қанша ақша болуы керек екенін анықтаймыз», – деді Тамара Дүйсенова.

Премьер-Министрдің орынбасары алимент қорына қаржы қайдан түсетінін нақтыламады. Тамара Дүйсенова Әділет министрлігінің есебін күтіп, содан кейін ғана шешім қабылдауды ұсынды.

Қазақстанда алимент қорын құру бастамасы 2023 жылы көтерілген. Алайда сол кездегі Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Қазақстанда мемлекеттік алимент қоры құрылмайтынын кесіп айтты. Биыл бұл мәселе тағы көтерілді.

2024 жылғы ақпандағы ақпаратқа сүйенсек, қазақстандықтардың алимент бойынша қарыздары 20 млрд теңгеден асқан.

Қазақстан азаматы борышкер ме, іздестіріліп жатыр ма деген сұрақтың жауабын Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің qamqor.gov.kz порталынан («Алимент бойынша борышкерлерді іздеу» бөлімі – тұлғаның Т.А.Ә.) білуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз