Өзбекстан Тұзқан көлінің маңында, Қазақстан шекарасынан небәрі 55 шақырым жерде атом электр станциясын салып жатыр. Бұл қазақстандықтар арасында болашақ нысанның қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар тудырды. Ел көкейіндегі сауалдарға Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Мәжіліс кулуарында жауап берді.
Министр салынып жатқан барлық атом электр станциясы, соның ішінде Өзбекстандық атом электр станциясы МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) стандарттарын қатаң сақтауы қажет екенін атап өтті.
«МАГАТЭ стандарты физикалық қауіпсіздікті, экологиялық қауіпсіздікті және қоршаған ортаға және жер асты суларына әсер етуді қамтамасыз етуге қатысты кешенді тәсіл. Осы шаралардың барлығы сақталған жағдайла ғана оған рұқсат етіледі», – деді министр.
Сонымен бірге Өзбекстанда АЭС салынуы Қазақстан үшін де экономикалық жағынан тиімді деп есептейді. АЭС іске қосылғаннан кейін, еліміз одан электр қуатын алатынын айтады.
«Біз «Орталық Азия сақинасы» деп аталатын көршілерімізбен біртұтас энергетикалық жүйеде жұмыс істейміз. Оған Қырғызстанның энергетикалық жүйесі, Өзбекстанның энергетикалық жүйесі кіреді. Биыл Тәжікстанның энергетикалық жүйесін қостық, Түркіменстанның да электр қуатын жеткізуге мүмкіндігі бар», – деді министр.
Бұған дейін Ресей Өзбекстанда қуаты аз атом электр стансасын салатыны белгілі болды. Екі елдің президенттері – Владимир Путин мен Шавкат Мирзиеев тиісті келісімге қол қойған. Бұл жайлы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетсек, Қазақстанда АЭС салу мәселесі әлі шешілген жоқ. Салу-салмау мәселесін халық жыл соңында өтетін референдум барысында шешпек.
Ал 2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде Атом электр станциясын салу-салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін айтты.