Жаңалықтар

China Huadian Corporation компаниясы ШҚО-да 2 су электр станциясын  салады

China Huadian Corporation 2 су электр станциясын  салады / kursiv.media

Қытайлық China Huadian Corporation компаниясы ШҚО-да ГЭС  салады. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба бойынша қуаты 51,4 МВт болатын екі су электр станциясы Катонқарағай және Алтай аудандарында орналасады.

«Инвестор компанияның бұл салада жұмыс тәжірибесі мол. Келесі айда кәсіпорын өкілдері жобаны толық зерттеу үшін Шығыс Қазақстанға келеді», –  деді ШҚО кәсіпкерлік және инновациялық-индустриялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев. 

Бұл кәсіпорын әлемдегі ең үздік 500 компанияның қатарына кіреді. CHNG энергетика, ғылым және өнеркәсіп секторында түрлі жобаларды жүргізуде. Табиғи газ қуаты арқылы электр энергиясын өндіруші негізгі алдыңғы қатарлы компания.

Шетелдік компаниямен облыс аумағында энергетика саласында күрделі жобаларды іске асырған. Соның бірі – Алтай ауданында жұмыс істеп тұрған «Тұрғысын ГЭС – 1» құрылыс жобасы.

Қазақстан экономикасының тірегіне айналған ірі компаниялардың барлығында Қытайдың үлесі бар. Қытай 17 жылда Қазақстан экономикасына 36,7 млрд инвестиция салған. Мұны China Global Investment Tracker, ҚХР-ның әлемнің түрлі елдеріне салған ірі инвестициялары туралы мәліметтер базасынан байқауға болады.

Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясының үштен екісі немесе 25,2 миллиард доллар – энергетика саласындағы жобаларға жұмсалған. Қытайлық инвесторлар Қазақстандағы химия өнеркәсібі, мұнай өңдеудеге қатысты жобаларға 4,4 миллиард доллардан астам қаражат жұмсаған.

Қытай азаматы Сан Гуансинге тиесілі «Тарбағатай Мұнай» компаниясы Шығыс Қазақстан облысы бір жобаны жүзеге асыруда. Зайсан ауданындағы Сарыбұлақ кен орнында мұнай қабылдау пунктінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр.

Компания таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қарабұлақ ауылынан солтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жерде орналасқан жаңа шикізат қабылдау пунктінде алынатын мұнайдың жылдық көлемі 36,5 мың текше метрді құрайды.