Қытай компаниясы вольфрам кен орындарын игеруге 350 млн доллар инвестиция салды

Жарияланды (жаңартылды )
Jiaxin International Resources Investment вольфрам кен орындарын игермек/ kursiv.media

Қазақстан-Қытай бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Скляр Jiaxin International Resources Investment компаниясы Алматы облысында вольфрам кен орындарын игеруге дайындалуда.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметі бойынша бұл жобаға 350 млн доллар инвестиция салған. Кәсіпорын 1000 жұмыс орнын ашпақ.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Jiaxin International Resources Investment (ҚХР) компаниясының басшылығымен кездесті. Іскерлік келіссөз барысында индустрия саласында ынтымақтастықты нығайту мәселесі талқыланды.

«Jiaxin International Resources Investment Директорлар кеңесінің төрағасы Лю Лицян жобаны іске асыру барысында атқарушы мемлекеттік органдардың белсенді түрде көмектесіп жатқанын атап өтті. Пайдалануға беру осы жылдың соңына жоспарланған. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сенім білдірді», – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Вольфрамды терең өңдеу жобасы былтырдан бері талқылануда. 2023 жылдың шілде айында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ алаңындағы кездесуде Jiaxin International директорлар кеңесінің төрағасы Лю Лицян бірінші кезеңде кенді өңдеп, 65 пайыздық вольфрам концентратына айналдыруды жоспарлап отырғанын айтты. Төраға зауыттың қуаттылығы жылына 3,3 миллион тонна кенді құрайтынын хабарлады.

Jiaxin International Resources Investment Ltd. – вольфрамның минералдық ресурстарын өндіруде көшбасшы компанияның бірі.  Компания кен барлау, тау-кен өндіру, кенді қайта өңдеу және вольфрамның минералды өнімдерін балқытуға тұтас көңіл бөледі.

«Тау-Кен Самұрық» тау-кен өндіру компаниясы («Самұрық-Қазынаның» еншілес кәсіпорны) 2024 жылдың қазан айында Қызылорда облысындағы «Шалқия» кен орнында қорғасын-мырыш өндіруді бастамақ. Кәсіпорын «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» вольфрам жобасы бойынша мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алды.

Қазақстанда вольфрамның 12-ге жуық кен орны барланған. Олардың жалпы қорында 2 миллион тоннадан астам вольфрам триоксиді (кеңес жылдарында алынған тарихи деректер) бар. Ең ірі және болашағы зор жобалар аталған – «Жоғарғы Қайрақты» және «Солтүстік Қатпар» (Қарағанды ​​облысы). «Солтүстік Қатпар» қоры бойынша орташа болып саналады. Ал «Жоғарғы Қайрақты» әлемдегі ең ірі үш вольфрам кенішінің бірі.

«Сарыарқа вольфрам» БК» ЖШС Қарағанды ​​облысындағы Оңтүстік Жауыр кен орнын игеруді жоспарлап отыр. Вольфрам мен кен орнының пайдалы компоненттері 2016 жылы мемлекет балансына алынды. «Сарыарқа вольфрам» БК» ЖШС жылына 4 млн тоннаға дейін кен өндірмек. 

Сондай-ақ оқыңыз