Айлыққа бір апта қалғанда аяқ-асты ақша керек болып қалды делік. Айдың аяғында таныстарда да ақша таусылса, көпшілік микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Оңай бергенімен, қайтарарда пайызы көп болса да, осы қызметті пайдаланатындар аз емес. Микрокредиттің банк кредитінен айырмашылығы неде? Мұндай ұйымдардың қызметін алғанның артықшылығы мен кемшілігі қандай? Осы туралы айтамыз.
Барлығы да пайызбен қарызға ақша алу десек те, банктердегі кредит пен микрокредиттің айырмашылығы үлкен. Әдеттегі кредитті екінші деңгейлі банктер береді. Ал микрозайм, микрокредитті тиісті лицензиясы бар заңды тұлғалар рәсімдейді. Банк — ірі қаржы ұйымы. Ол жалпы алғанда «ақшамен» жұмыс істейді. Банкке сіздің қайда істейтініңіз, кредит тарихыңыз, қанша алатыныңыз, кепіл болатын адамдар жайлы ақпарат — бәрі қажет. Ал микроқаржы ұйымдары болса, оның барлығын тәптіштеп сұрап жатпайды. Шамалы ғана ақшаны өте үлкен пайызбен қарызға береді. «Келіскен өзіңіз — қалайда қайтаруыңыз керек» деп міндеттеп қояды. Бұл ұйымдарға сіздің бұған дейін қай жерден қанша кредит алғаныңыз аса қызық емес. Бар болғаны қазір тауып жатқан табысыңыздың шамасы. Өтінім берген күні басқа жерде төленбей жатқан кредитіңіздің болмағаны ғана маңызды десек болады. Осы ретте мынадай екі дүниені аңғара аламыз:
- Банк қарызын қайтармай жүргендермен туындаған мәселені заң жүйесі арқылы шешеді. Ол көбіне сот жүзінде өтеді. Олай ететін себебі — беделін құртпай, заң шеңберінен шығып кетпеу үшін. Ал микроқаржы ұйымдары болса, қарызын сұрағанда түрлі амалды қолдана береді. Ең қарапайымы — коллекторлар арқылы. Яғни микроқаржы ұйымдарына беделден бұрын қаражат маңыздырақ.
- Банктер қарыз берген кезде қатаң талаптар қояды. Мақұлдамай қою ықтималы жоғары. Ал енді микроқаржы ұйымдары болса, тәуекелге барудан қорқа бермейді. Тіпті қайтармай кетуі мүмкін деген адамның өзіне қорықпай қарыз бере береді.
Микрокредит деген не?
Микрокредит дегеніміз — микроқаржы ұйымдары беретін қарыз. Банктерден ақша ала алмағандар осы ұйымға жүгініп, тез арада ақша алады. Сомасы ондай көп емес. Мысалы, кредит тарихы нашар не ресми табыс көзі жоқ адамдарға банктер кредит мақұлдай бермейді. Ондайда амал ретінде осы микроқаржы ұйымдарына жүгіну деген тәсілді қолданады. Қазақстанда микроқаржы ұйымдарынан 5 000 теңгеден бастап, 3 000 000 теңгеге дейін қарыз алуға болады. Пайыз мөлшерлемесі болса, күніне 0 пайыздан бастап, 1,9 пайызға дейінгі аралықта. Осы ретте жылдық мөлшерлемені есептесек, шамамен 19,9 пайыздан 56 пайызға дейін шығады. Микрозайм не микрокредит мерзіміне келсек, мұнда 1 күннен бастап 3 жылға дейінгі уақытқа алуға болады. Кепіл қоймай, табысыңыз туралы анықтама көрсетпей де рәсімдей береді. Мұны артықшылық деуге де, кемшілік деуге де келеді.
Қазақстанда микрокредит алушыға қандай талаптар қойылады?
Банктен алатын қарызға қарағанда микрокредитті басты артықшылығы ретінде қарыз алушыға қойылатын талаптардың өте аз екенін айтуға болады. Бұрын банктер мақұлдамай қойса да, микрозаймды онлайн демде алуыңыз мүмкін. Онлайн микрокредит беретін ұйымдар мынадай талаптар қояды:
- Азаматтық. Онлайн микрокредит беретін компанияның басым көпшілігі Қазақстанда тұруға рұқсат қағазы бар шетелдіктерге кредит бере береді. Бірақ ішінде тек Қазақстан азаматтарына беретіндері де бар. Мұндай ұйымдардың қоятын ең басты талабы — ЖСН. Егер сіз қазақстандық ЖСН алсаңыз, онда еш уайымсыз өтінім бере берсеңіз болады.
- Жас мөлшері. Міндетті түрде кәмелет жасына толған болуыңыз керек. Егер жасыңыз 18-ге толмаған болса, еш микроқаржы ұйымы сізге қарыз бермейді. Кейбірі 21 жастан асқандарға ғана беруі мүмкін. Көп болмаса да, мұндай талап қоятындар бар.
- Табыс. Айлығыңыз белгілі бір сомадан асатын болуы керек деген талап жоқ. Бірақ жалпы тұрақты табысыңыз болсын деп барлығы дерлік талап етеді. Әрине, теория бойынша төлейтін кредитіңіздің мөлшері табысыңыздың жартысынан аз болуы керек. Тіпті одан сәл асып жатса да, басым көпшілігі қарыз береді.
- Кредит тарихы. Микроқаржы ұйымынан микрокредит алу үшін кредит тарихыңыз таза болуы керек деген талап қойылмайды. Себебі кредит компаниялары сіздің тарихыңызды тексеріп жүрмейді. Тіпті борышкерлер тізімінде болсаңыз да бәрібір. Ол сіздің қарыз алуыңызға кедергі болмауы мүмкін.
Микрозаймдардың артықшылықтары мен кемшіліктері
- Керек соманы лезде ала аласыз. Кішігірім сома сұраған болсаңыз, оны лезде 15-20 минутта алуыңызға болады. Электрон әмияныңызға немесе банк картаңызға аударып береді.
- Тексеріс аса қатал емес. Бұған дейін айтқанымыздай, жасы келіп тұрған азаматтарға оп-оңай береді.
- Қарызға берген ақшаны өте үлкен пайызбен қайтарасыз. Мысалы, күніне 0,5 пайыз десе, бұл — жылына 182,5 пайыз деген сөз. Банктердегі тұтынушыларға берілетін кредиттер жылына 10-30 пайыздық мөлшерлемемен береді. Есептей беріңіз.
- Кешіктірсеңіз, айыппұлы жоғары.
- Коллекторлармен мәселе туындайды. Микроқаржы ұйымдары борышкерлермен мәселені коллекторлар арқылы шешуге құқылы.
Қай кезде микрозаймға жүгінуге болады?
- Егер аз уақыт ішінде қайтара алатыныңызға сенімді болсаңыз, ала беруге болады.
- Уақытты да, қарыз сомасын да минимум қылып алыңыз. Сізге нақты қанша ақша керек, қанша уақытта қайтара аласыз — есептеңіз.
Қанша жерден ақшадан қысылып жүрсеңіз де, микрозаймды жабатындай табысыңыз болмаса алмаңыз. Себебі керек кезде алуын алып, қайтарарда ақша болмаса — қазіргіден де қатты қиналасыз. Қарызды қарызбен жабуды әдетке айналдырмаңыз! Аса қажет болмаса, қит етсе микрозайм ала бермеңіз. Қай кезде алуға болады?
- Айлыққа дейін ақша керек болса, жалақы алған соң бірден жауып тастайтыныңызға сенімді болсаңыз;
- Алғыңыз келіп тұрған затқа 15-20 мың теңгедей ақша жетпей тұрса;
- Аяқ-асты бір жағдай болып қалса, өміріңіз қыл үстінде тұрса (ауырып қалсаңыз, үйіңіз өртеніп кетсе және т.б.).
Кредитті жабу үшін кредит алуға әуестенбеңіз. Бірақ кейде айлықты кешіктіріп, басқа банктегі төлеміңізді төлеуге ақша керек кезде, уақытша ала тұруға болады. Өсімпұл қосылмас үшін, кредит тарихыңыз нашарламас үшін аласыз. Бірақ айлық түскен бойда қайтарасыз. Ал түсетін айлық болмаса, онда уақытша құлақ тыныштығы үшін қарызға қарыз қоса бермеңіз.
Микрозайм түрлері
- Картаға аударатын микрозайм. Бұл әдіс ең танымал десек болады. Қйткені микроқаржы ұйымдары ақшаны қашықтан бере береді. Яғни кеңсе ашып, қызметкерлерді отырғызып қоюға ақша шығындамайды. Қаражат та жылдам аударылады. Әрі кетсе бір сағат алуы мүмкін. Сома да азғантай, аса көп емес. Жасы келіп тұрса, басқа қандай да бір талап қоюы өте сирек. Пайызы — өте жоғары. Күніне шамамен 1 пайыздай болады.
- Ақшаны қолма-қол беретін микрозайм. Қолма-қол ақша беретіндердің кеңсесіне барып кассадан аласыз немесе аударым жүйелері арқылы жібергенін шешіп аласыз. Аударым жасағанда да электрон әмияндарға арналған ережелер қолданылады. Ал кеңсесі бар микроқаржы ұйымдарының сәл-пәл ерекшелігі бар. Біріншіден, олар ауқымдырақ болады. Яғни қарызға ақша беретін онлайн-мекемелерге қарағанда штатта қызметкер ұстайтын, кеңсесі бар ұйым. Екіншіден, олар қарызды салыстырмалы түрде азырақ пайызбен береді. Мысалы алдыңғылары 1 пайыз болса, бұларда 0,5 пайыз болуы мүмкін. Үшіншіден, кредит берер кезде қарыз алушының сырт келбетіне мән беріледі. Бетпе-бет көріп тұрғандықтан, алба-жұлба киінгендерге мақұлдамай қоюы мүмкін.
- Кепіл қойып берілетін микрозайм. Көлікті кепілге қойып кредит беретіндер — тек кеңсесі бар микроқаржы ұйымдары. Өйткені микрокредитті қамтамасыз ету үшін қол қою керек. Кепілге алынатын минизайм — микроқаржы ұйымдары беретін қарыздардың ішіндегі ең тиімдісі. Мұнда қарызға беретін сома да көбірек, пайызы да азырақ.
- Электрон әмиянға аударылатын микрозайм. Бұл картаға аударылатын микрокредитке қатты ұқсас. Бірақ мынадай айырмашылығы бар: біріншіден, электрон әмияндар операцияға комиссия ұстайды. Сондықтан егер сізге әмиянға аударса, онда қарыз сомасының 1-5 пайызын комиссия «жеп» қоятынын ескеру керек. Екіншіден, аударым жасағанда лимит болады. Сондықтан кредит алған кезде шектеулер туралы біліп алыңыз. Бәлкім, ол сома лимиттен көп болып, соның кесірінен микроқаржы ұйымы сізге ақша аудара алмай қалуы мүмкін. Ал басқа жағынан шарты да, басқасы да картаға аударатын микрокредитпен бірдей.
- Бизнеске берілетін займдар. Көп жағдайда бизнеске алынған займдарға кепіл қойылады. Мысалы көлігіңізді кепілге қойсаңыз, онда үлкен соманы азырақ пайызбен ала аласыз дегендей. Кейде үлкен микрозаймдарды кепілсіз беріп қалатындар болады. Бірақ ондай жағдайда мерзімі тым қысқа, пайызы жоғары болуы ықтимал. Бір айта кететін жайт — мұндай қарызды онлайн ала алмауыңыз мүмкін. Себебі кеңсеге барып, қол қоюыңыз қажет. Сонымен бірге микроқаржы ұйымдары сізден қосымша әлдебір құжаттар сұратып қалуы да ғажап емес.
Займды жылдам жауып тастауға арналған лайфхактар
Микрокредит басқа да кредиттер секілді мойныңызды ілуі тұрады. Сондықтан оны жылдам жауып тастауға асыққан жөн. Осы ретте кейбір «қулықтарды» білгеніңіз артық болмас. Осы лайфхактарды пайдалана отырып, мойныңыздағы қарызды тезірек жауып, біржолата құтылып, кредит тарихыңызды жақсарта аласыз. Олай болса, пайдалы кеңестерімізді айта кетейік.
- Ай сайынғы төлем сомасын дөңгелетіп қойыңыз. Мысалы, сіз микрозаймға айына 25 442 теңге төлеуіңіз керек болса, онда 26 000 теңге төлеңіз. Сонда артылған 558 теңге кредиттің «қаңқасын» яғни негізгі бөлігін төлеуге кетеді. Осылайша сіз кредит мерзімін негізі соманы уақытынан бұрын төлеу арқылы ертерек жабасыз.
- Егер мүмкіндік болып тұрса, онда қайта қаржыландырып көріңіз. Қайта қаржыландырған кезде пайыз мөлшерлемесін не кредит мерзімін азайтуға болады. Қалай болғанда да осы арқылы сіз кредитіңізді тезірек төлеп тастайсыз.
- Кредит мерзімін ұзартуға болады. Бұл қызмет үшін қосымша ақы төлемейсіз. Бар болғаны кредит бойынша қазір қанша пайыз жиналып тұрса, соны ғана өтеуіңіз керек болады. Мұны қай кезде қолданған жөн? Төлейтін күн сізге қолайсыз болып, үнемі кешіктіріп төлейтін болсаңыз, онда айлық түсетін күнге туралап реттеп алған жөн. Осылайша кредит тарихыңызға нұқсан келмейді, құлағыңыз да тыныш болады.
Алаяқтардан абай болыңыз! Ол үшін не істеу керек?
Қай заманда да ақша бар жерде алаяқ көп болады. Микрозаймға қатысты да солай айта аламыз. Мұндағы алаяқтар — «қара кредиторлар». Яғни кредит беруге тиісті лицензиясы жоқ, бірақ сонда да осы қызметпен айналысып жүргендерде қара кредиторлар деп атаймыз. Бұларды шартты түрде екіге бөліп қарастыруға болады: лицензиясы жоқ микроқаржы ұйымдары мен таза алаяқтар. Лицензиясыз жұмыс істеп жүргендердің ойында алдау болмауы мүмкін. Олар — заңсыз жұмыс істеп жүргендер. Әлдебір мәселе туындап, қарызыңызды бермей жүрсеңіз, олар заңға қайшы әрекет істеуі әбден мүмкін. Қорқытып, үркітіп небір әдісті жасаса, таңғалмаңыз. Себебі олардың жоғалтатын түгі жоқ. Айтпақшы, заңды сақтамайтын микроқаржы ұйымдары соманы да көбірек бере алады, үйді кепілге ала береді.
Ал енді таза алаяқтықпен айналысатындар да осы салада толып жүр. Микроқаржы ұйымының атын жамылып жүрген олар тіпті қауіптірек. Адамның мән бермегенін, аңқаулығын пайдаланып, сізден картаңыздың CVV-кодын сұрап алуы мүмкін. Әрине, алдайтын кезде адамды танып, қарап алады. Сосын барып қырық өтірікпен арбайды. Келісімшарттар да түрлі қақпан құрып қояды. Олардың бар мақсаты — сізден ақша алу, беретін ойы жоқ. Ондайларға тап болмас үшін не істеу керек? Алдымен, кез келген жағдайда келісімшартты мәтінін мұқият оқып шығу керек. Не нәрсеге қол қойғалы жатырсыз? Оның ішінде не жазылған? Барлығы анық, түсінікті жазылуға тиіс.
Қанша қарыз алып жатсыз, қанша пайызбен беріліп жатыр, қашан қайтарасыз, қалай — бәрі тұруы керек. Келісімшарт бірнеше беттен тұрады. 2-3 беттік келісімшартқа күмәнмен қараңыз. Бірінші ретте соңындағы пайыз бөлек блокта көрсетіледі. Сонымен бірге келісімшарттың ортасында барлық сома, пайыз, қызмет жазылған кесте міндетті түрде болуы керек. Тіпті сырт көзге келісімшарт дұрыс болып көрініп тұрса да, оператордан микроқаржы ұйымының толық атауын сұрап алыңыз. Одан соң Ұлттық банкке хабарласып не сайтына кіріп, бұл ұйымның лицензиясы бар ма — нақтылаңыз. Лицензиясы болса, онда уайымдамасаңыз болады. Ал егер қара кредиторлардың қақпанына түсіп қалған болсаңыз, онда да аса алаңдаудың керегі жоқ, лицензиясы болмаса, заңды бұзып тұрса — ештеңе төлемесеңіз болады. Полицияға шағым жазыңыз, Ұлттық банкке хабарласып, осы жағдайға қатысты кеңес беруін сұраңыз. Бастысы, құқық қорғау қызметін жұмысқа тартсаңыз болды. Сонда заң сіздің жағыңызда деген сөз.
Оңды-солды микрокредит ала бермеңіз! Жауапкершілікпен қараңыз!
Бұл сөзді жиі естиміз. Бірақ «қарыз алғанда жауапкершілікпен алу» сөзінің астарында не бар? Соған үңілейік. Алдымен микрокредит алғаныңыз кейін басыңызға қара бұлт үйіріп, таудай мәселеге айналып шықпайтынына сенімді болуыңыз керек. Ол үшін мына бірнеше ережені есте ұстаңыз:
- Бір қарызды жабу үшін екінші қарыз алмаңыз. Бұл сізді қарыздың құрсауына одан бетер түсіре береді. Бір қарағанда жеңілдегендей боласыз. Бірақ осылай кредитті кредитпен жабуға ет үйреніп кетсе, қиын болады.
- Бюджетіңізді алдын-ала есептеп жүріңіз. Егер микрокредитті қай ақшаға жабатыныңызды білмей тұрсаңыз, мүлдем жоламаңыз. Ал енді есебіңіз түгел болса, онда мәселе басқа.
- Құмар ойындары, бәс тігу мақсатында ешқашан кредит алмаңыз! Мұның арты дұрыс болмайды. Бір ұтылғанның есесін қайтарамын деп қарызға қатты батып кетесіз. Сол арқылы өзіңізге ғана емес, жақындарыңызға да мәселе тауып бересіз.