Биыл Астана күніне орай елорда аспанында тағы да дрондар шоуы көрсетіледі. Оған бюджет қаржысы жұмсалмайды, шоу демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылады.
Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, елорда күнін атап өту үшін 100-ге жуық түрлі іс-шара жоспарланған.
«Оның ішінде қаланың тұрғын алаптары да назардан тыс қалған жоқ. Іс-шаралардың басым бөлігі қала тұрғындары мен қонақтары үшін тегін. Сонымен қатар 6 шілде – Астана күніне орай дрондардың жарық шоуы ұйымдастырылады», – делінген хабарламада.
26 маусымнан 4 шілдеге дейін аппаратураның техникалық жай-күйі мен қабілетін тексеру үшін техникалық ұшулар орындалады. Көріністі елорда тұрғындары мен қонақтары 6 шілде күні ЭКСПО аумағында көре алады. Нақты уақыты кейінірек жарияланады.
Еске салсақ, өткен жылы Астананың 25 жылдығына орай дрон-шоу өткен болатын. Түнгі аспанға ұшырылған 500 дрон елорданың көрнекті нысандарын көрсетті.