Семей полигонынан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек ағзадағы радиация мөлшеріне қарай берілуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік төлем төлеудің екі жолы қарастырылуда / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2025 жылға қарай Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтар қайтадан әлеуметтік және медициналық көмекті алуы мүмкін. Алайда ол организміндегі радиациялық дозасына қарай беріледі. Бұл жайында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім етті.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов Семей полигоны салдарынан зардап шеккен азаматтардың мәселесін көтерді. Депутат Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеновадан әлеуметтік қорғау шаралары нақты қашан оң шешім табатыны туралы сұрады.    

«Жақында Парламенттің бірлескен отырысында Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау шараларын қабылдау қажет екенін атап өтті. Ұсыныс енгізді. Бұл туралы депутаттық сауал да жолдағанбыз. Үкімет депутаттық сауал ерекше бақылауда ол мүдделі мемлекеттік органдармен қарастырылады деген. Осы мәселе қалай және қашан шешіледі?», – деп сауал жолдады Мәжілісмен.

Тамара Дүйсенова бұл мәселе бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанын және оны шешудің екі жолы қарастырылып отырғанын мәлімдеді.

«Бұл бойынша екі мәселе қаралды. Территориядағы радиацияның дозасын анықтаймыз ба немесе азаматтардың организміндегі радиациялық дозаны анықтаймыз ба?! Сонымен екі мәселеге келіп тірелдік. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі осы бойынша үлкен ғылыми зерттеу жұмысын 2025 жылы аяқтайын деп отыр. Сондай-ақ Семейдегі медициналық университетпен бірге өңірдегі азаматтардың базасы бар. Сонымен жұмыс істеп жатыр. Біз 2025 жылға қарай әр азаматтың организміндегі радиациялық дозаға қарай әлеуметтік және медиициналық көмекті қайта қараймыз», – деп түсіндірді Үкімет басшысының орынбасары.

Айта кетейік, 2023 жылы Ядролық полигон аумағында «Семей қауіпсіздік ядролық аймағы» құрылған еді. Бұл аумақ ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағындағы жерлерді шаруашылық айналымға біртіндеп қайтару үшін оңалту мақсатында құрылды. Арнаулы аймақ кешенді экологиялық тексеру жүргізіліп барып, мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша ластанған учаскелерде құрылады.

«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңға сәйкес бұрынғы Семей сынақ полигоны жерлерінде және нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған іргелес аумақтарда «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» құрылады. Солайша Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радиоактивті ластану деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізуге мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде радиоактивті ластанудың таралуын шектеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз