Жаңалықтар

4 күндік жұмыс аптасына қай салалар көшуі мүмкін – вице-премьер түсіндірді

4 күндік жұмыс аптасымен қызмет көрсету мен туризм, қонақүй бизнесі саласы жұмыс істей алады / Фото: архив kursiv.media

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова елімізде 4 күндік жұмыс аптасына қандай салалар көше алатыны жайлы мәлімдеді.

БАҚ өкілдері бұған дейін елімізде 4 күндік жұмыс аптасы енгізілетіні хабарланғанын еске салып, вице-премьерден сол туралы сұрады.

Тамара Дүйсенова бұл мәселе заң аясында қаралып жатқанын жеткізді.

«Бұл мәселені қарадық, Еңбек кодексінде ол бар. Бұл – жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қарым-қатынас. Мысалы, қыста қонақүйлер осылай істей алады. Яғни қызметкерге 4 күн жұмыс істеуге мүмкіндік бере алады. Бірақ туристер көп келген кезде жұмыс аптасын 6 күнге ұзарта алады. Алайда 40 сағаттық жұмыс аптасы сақталуы керек», – деп жауап берді Үкімет басшысының орынбасары.

Сондай-ақ 4 күндік жұмыс аптасы қай салаларға қатысты болуы мүмкін екенін түсіндірді. 

«Бұл – қызмет көрсету саласы мен туризм, қонақүй бизнесі. Осы салаларда (4 күндік жұмыс аптасы бойынша – автор) жұмыс істей алады», – деді Тамара Дүйсенова.

Еске салсақ, 2023 жылдың шілде айынан бастап Қазақстанның Еңбек Кодексінде «төрт күндік жұмыс аптасы» деген ұғым пайда болды. Аталған құжатқа енгізілген өзгерістер бойынша заң аясында аптасына төрт күн жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Алайда бұл өзгерістің енгізілгеннен кейін қазақстандық компаниялардың ешқайсысы төрт күндік жұмыс күніне өтпеген.

2023 жылдың сәуір айының соңында Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстанда 1 шілдеден бастап төрт күндік жұмыс аптасы енгізілетіні хабарланған еді. Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, кейбір ұйымдарда 71-баптың 3-тармағына сәйкес бес күндік және төрт күндік жұмыс аптасы кезектесуі мүмкін, ол 2-бөлікпен толықтырылған:

«Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартында бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен ауысу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі», – деп көрсетілген құжатта.

Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына 12 сағаттан аспауға тиіс.