Қаржы есебі инвесторлардың үмітін ақтамады: Micron компаниясының акциясы арзандады
Micron Technology жад чип өндірушісінің акциялары 2024 қаржы жылының үшінші тоқсанындағы есебі шыққаннан кейін, сәрсенбідегі кеңейтілген саудада құлдырады. Bloomberg жазғандай, қаржы есебі «кейбір инвесторлардың әсіре үмітін ақтамады». Компанияның қағаздары постмаркетте 8%-ға жуық арзандады.
Толығырақ
Инвесторлар 2024 жылдың үшінші тоқсанындағы есеп жарияланған соң, америкалық ең ірі жад картасын өндіруші Micron-ның акцияларын жаппай сата бастады. Компания есебінде сату көлемі 7,4 доллардан есептегенде 7,8 млрд доллар болады деп болжанған. Бұл көрсеткіш Уолл-стриттің 7,58 млрд доллар болады деген болжамына сәйкес келеді. Дегенмен кейбір сарапшылар сату көлемі 8 млрд долларға жетеді деп топшылаған еді. Micron бір акцияға шаққанда түсетін пайда, шамамен, 1,08 доллар болады деген ойда, ал нарықтың болжамы 1,02 доллар.
Инвесторлар Micron компаниясының есебінен әлдеқайда жақсы көрсеткіштерді күткен еді. Олар компания жасанды интеллект технологиясына жұмсалатын шығынның артуынан айтарлықтай пайда көреді және бұл оған үлкен табыс әкеледі деп үміттенген еді. Алайда Micron есебі бұл үмітті ақтамады. Әрине, ЖИ чиптеріне сұраныс жоғары, дегенмен дербес компьютер мен мобильді құрылғының дәстүрлі нарығында сұраныс әлі де әлсіз деп жазады Bloomberg.
2024 жылдың үшінші тоқсанында Micron-ның кірісі 82%-ға өсіп, 6,81 млрд долларға жетті. Жалпы пайда 702 млн долларды немесе бір акцияға шаққанда 0,62 долларды құрады. Бұл компания күткен 6,67 млрд доллардан және акцияның әр данасына 0,5 доллар деген көрсеткіштен асып түсті. Компания жасанды интеллект 2025 жылы телефон мен компьютерге деген сұранысты арттырады деп топшылайды. Осыған орай, 2024 жылы дербес компьютер сегментінде сатылым 5%-ға, ал смартфон сегментінде одан сәл жоғары өседі деп болжайды.
Micron Technology президенті Санджей Мехротра жасанды интеллектіге сұраныстың көптігі мен жоспарды нақты орындаудың арқасында, өткен тоқсанмен салыстырғанда кірістің 17%-ға өскенін атап өтті. Компания өткізу қабілеті жоғары жад (HBM) сияқты табысы тұрақты өнімдерді көбейтіп жатыр. Сондай-ақ дата-орталықтарға арналған қатқыл дерек жинақтағыштар сатылымынан рекордтық кіріске қол жеткізді. Осы орайда, Micron 2025 жылы да рекордтық табыс табудан дәмелі.
Контекст
Micron ЖИ-ге арналған негізгі компонент – өткізу қабілеттілігі жоғары жад (HBM) сатады, ол Nvidia процессорларында қолданылады. J.P. Morgan сарапшылары Micron чиптерін NVIDIA өнімдеріне көбірек енгізу болашақта компанияның қымбаттай түсуіне әсер етеді деп санайды. Олар Micron акциясының әр данасы 200 доллар болуы ықтимал деген болжам ұсынады.
Micron қысқа мерзімді және флэш-жад чиптерін өндіру саласында Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics және SK Hynix компанияларымен бәсекеге түсіп келеді.
Акция жайы
Micron Technology-дің котировкасы сәрсенбіде тоқсандық есеп шығар алдында премаркетте 3,5% – ға өсті. Күні бойы акция бағасы 0,88%-ға – 142,36 долларға дейін қымбаттады. Ал тоқсандық есеп жарияланған соң постмаркетте 7,98%-ға – 130 долларға дейін төмендеді.
Жыл басынан бері Micron қағаздары 66%-ға, ал соңғы 12 айда 112%-ға қымбаттаған. Уолл-стриттің компания қағаздары жөніндегі консенсустық болжамы – 161 доллар, бұл 13%-ға өсу мүмкіндігін білдіреді. MarketWatch мәліметтері бойынша, Micron Technology акцияларын бақылайтын 38 сарапшының 34-і оларды сатып алуды, екеуі ұстай тұруды ұсынады. Ал екі сарапшы компанияның қағаздары нарыққа қарағанда баяу өседі деп санайды.