Жаңалықтар

«Қазгидромет» мамандары Астана, Алматы және Шымкент қаласында ауа сапасы нашарлайтынын ескертті

«Казгидромет» предупредил жителей Алматы, Астаны и Шымкента о загрязнении воздуха
Бес қалада ауа сапасы нашарлайды. Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Синоптиктер Қазақстан тұрғындарына қолайсыз ауа райы туралы ескертті. Мамандардың айтуынша. Астана, Алматы, Шымкент пен еліміздің тағы екі қаласында ауа сапасы нашарлайды.

«2024 жылғы 27 маусымда Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Балқаш қалаларында ауаның ластанып, қолайсыз метеорологиялық жағдай күтілуде», – деп жазылған «Қазгидромет» хабарламасында.

«Қазгидромет» болжамынша, елімізде аптап ыстықтың беті 27 маусым күні солтүстік-батыста, 28-29 маусым – оңтүстікте, 29 маусым – солтүстік пен орталықта қайтады. Еліміздің шығысы мен оңтүстік-шығысында  +40+43°С  градусқа дейін қатты ыстық сақталады.

27 маусым күндіз Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Қостанай облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында аптап ыстық болады. 

Алматы облысының солтүстігі мен орталығында, Жетісу облысында, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстігінде, Ұлытау, Абай облыстарында, Жамбыл облысының батысында, солтүстігінде, шығысында күн өте қатты ысиды. 

«Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Абай, Жетісу, Ұлытау, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарында жоғары өрт қаупі сақталады.  Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ұлытау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу, Атырау облыстарында төтенше өрт қаупі бар», – деп көрсетілген хабарламада.

Таяу күндері Қазақстан аумағының басым бөлігіне циклон әсер етіп еліміздің батыс және солтүстік-батыс өңірлерінде найзағай болып, мол жаңбыр жауады, бұршақ түсіп, жел қатты соғады деп күтіледі.

Жаңбыр қарқыны 27 маусымда оңтүстік-батыста, 27-29 маусым күндері солтүстік-батыста, 28-29 маусым күндері еліміздің батысында, солтүстігінде қатты болады. Еліміздің шығысы мен солтүстік-шығысында ғана ауа райы жауын-шашынсыз болады.

2023 жылы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық мониторинг жүргізіп, нәтижесінде еліміздің 8 қаласында атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейге көтерілгенін анықтаған. Олар – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш және Өскемен қалалары. Әлемнің ең лас қалалары рейтингінде Астана 74-орында тұр.