Еуроодақ елдері Беларуське қарсы санкция енгізуге келісті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ЕуроОдақ
Еуроодақ Беларуське қарсы санкция енгізбек. Фото: shutterstock

Еуроодақ елдері Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтудің алдын алу үшін Беларусь мемлекетіне жаңа шектеулер енгізуге келісті. Бұл туралы Reuters агенттігі жазады.

Еуропалық дипломаттардың бірінің айтуынша, Беларуське қарсы салынатын санкциялар қос мақсаттағы тауарлар, соның ішінде тұрмыстық техникада қолданылатын чип, сондай-ақ озық технология мен әскери өнімдерге қатысты болмақ.

«ЕО-ның тұрақты өкілдері Беларусьқа қарсы санкциялардың жаңа пакеті бойынша нақты келісімге келді», – делінген X желісіндегі мәлімдемеде.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Лейен де Беларуське қарсы салынатын сакциялар пакеті туралы келісімді құптаған. Ол X желісінде жаңа шектеулердің арқасында Ресейге қарсы санкциялар «одан да тиімдірек» болатынын жазды.

«Беларусь бұдан былай Ресейге қарсы санкцияларымызды айналып өту құралы ретінде қызмет етпеуі керек», – деді ЕО басшысы.

Бұған дейін Литва премьер-министрі Мәскеу мен Минскіге қатысты қойылған шектеулерді үйлестіру керек екенін айтқан.

Жақында Еуроодақ Ресейге қарсы энергетика, қаржы және сауда секторларына бағытталған 14-ші санкциялар пакетін қабылдаған болатын.

ЕО Ресейден сұйытылған табиғи газды Еуропа порттары арқылы тасымалдауға шектеу енгізді. ЕО кеңесінің хабарлауынша, бұл шаралар Ресейдің шикізат саудасы мен тасымалдаудан түсетін кірісін азайтуға бағытталған. Шектеулер бір кемеден екіншісіне ауыстырып тиеуді де, кемеден жағаға ауыстырып тиеуді де қамтиды. Бұл шектеулер тек ЕО арқылы үшінші елдерге қайта экспорттауға қатысты. Олар импортқа қолданылмайды.

ЕО сонымен қатар сұйытылған табиғи газдың жобаларын аяқтау үшін инвестицияларға, тауарларды, технологияларды және қызметтерді ұсынуға тыйым салды.

Жаңа санкциялар пакеті ЕО компанияларын үшінші елдердегі еншілес компанияларының Ресейге қарсы шектеулерді айналып өтпеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ол сондай-ақ қару сататын компанияларды Ресейге тауарларды реэкспорттау тәуекелдерін анықтайтын және бағалайтын тиісті тексеру тетіктерін енгізуді міндеттеді.

Сондай-ақ оқыңыз