Қазақстан банктеріне ислами қаржы қағидаттарымен жұмыс істейтін терезе ашуға рұқсат берілуі мүмкін
Болашақта Қазақстан банктері өз бөлімшелерінде ислами қаржы қағидаттарымен жұмыс істетін терезе ашуы ықтимал. Ал исламдық қаржы ұйымдары дәстүрлі банк қызметін ұсына алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамаға тиісті өзгерістер әзірлеп жатыр. Еуразиялық даму банкі ұйымдастырған бизнес-форумда агенттік басшысының орынбасары Олжас Қизатов алдағы жоспар туралы айтып өтті.
«Қазіргі кезде Қазақстанда ислами қаржыландыруды одан әрі дамыту үшін шетелдік консультанттармен бірлесіп, банк қызметін реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Осы тәсілдер аясында классикалық әмбебап банктердің «ислами терезе» ашып, исламдық қаржы қағидаттарымен қызмет көрсету, ал ислам банктеріне дәстүрлі банк қызметін ұсыну мүмкіндігін беруді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Олжас Қизатов 2009 жылдан бері Қазақстанда ислам банктері, ислам инвестициялық қорлары жұмыс істеуі және ислами бағалы қағаздарды шығару үшін заңнамалық тұрғыда жағдай жасалғанын еске салды. 2015 жылы дәстүрлі банктерге исламдық банктерге ауысуға рұқсат берілді. Ол үшін ҚНРДА лицензиясы қажет.
Қазақстанда қазір екі ислам банкі жұмыс істейді: Al Hilal және Zaman Bank. 1 мамырдағы жағдай бойынша, қос банк активтерінің үлесі банк секторы жалпы активінің 0,4%-ын немесе 195 млрд теңгені құрайды. Несие портфеліндегі үлесі – 0,4% немесе 126 млрд теңгеге тең. Бүкіл қаржы көрсеткіштері бойынша (активтер, пассивтер, таза пайда, несие портфелі және т.б.) олар дәстүрлі банктер арасында соңғы орындарда тұр. Ислам банктеріндегі депозит көлемі 23 млрд теңгені құрады, соның 70 пайызы – заңды тұлғалар салымы.
«Ислам банктері негізінен корпоративтік секторға несие береді. Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша ислам банктері несие портфелінің 96 пайызы – заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге берілген несие. Экономика салаларын дамытуда ислам банктері несие портфелінің 23%-ы көтерме және бөлшек саудаға, 17%-ы өнеркәсіптік өңдеуге, 15%-ы құрылыс саласына берілген», – деді ҚНРДА басшысының орынбасары.
ЕАДБ «ислам терезесін» іске қосады
ЕАДБ басшысының орынбасары Руслан Дәленов 2025 жылы «ислам терезесі» толық форматта іске қосылатынын хабарлады. Бұл терезенің ашылуы бірнеше ірі жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
«Ішкі құжаттама әзірленетін болады. Әрі қарай пилоттық жобалар іске асырылған сайын аймақтағы елдердің заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындалады. Осылайша, Еуразиялық даму банкі аймақ елдері экономикасын дамытудың жаңа құралдарын ұсынып, жаңа инвестицияларды тарта отырып, аймақтағы исламдық қаржыландырудың жо басшысына айналмақ», – деп қосты ол.
Дәленовтың айтуынша, 2023 жылы әлемдік исламдық қаржыландыру нарығы 4,5 триллион долларға жетіп, кейінгі жеті жылда екі есе өсті. Ол 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 6,7 триллион долларға жетеді деп есептейді. Қазіргі кезде исламдық қаржыландыру әлемнің 90-нан астам елінде бар. Орталық Азияда ислам банкингімен айналысатын 10 банк және 18 исламдық банктік емес қаржы институтты тіркелген.
Ислами қаржыландырудың негізгі түйткілі – ислам банктерінің қатар аз. Оған қоса олардың қызметі туралы ел аса хабардар емес. Әр елдің заңнамасындағы ерекшеліктер де кедергі болып тұрады. ЕАДБ Орталық Азия аймағында «исламдық қаржыландыруды жобасшысы» болғысы келеді. Дәленовтың айтуынша, жоғарыда аталған бастамаларды жүзеге асыру Орталық Азия нарығына 2028 жылға қарай қосымша 2 миллиард доллар табыс әкелуі мүмкін.