«Самұрық -Қазына» әл-ауқат қоры «Жеңіс» кен орнындағы барлау жұмыстарына кеткен 40 млрд теңге қаржыны шығын ретінде есептен шығарған. Алайда бұл шығынды ресейлік «Лукойл» компаниясы мойнына алуға тиіс еді.
«Лукойл» компаниясы қордың еншілес ұйымы – «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп «Жеңіс» кен орынында барлау жұмысын жүргізді.
Мұнай-газ саласының маманы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, аталған кен орын барлауға кеткен бүкіл шығынды «Лукойл» компаниясы көтереді деп жоспарланған.
«40 миллиард теңге қалай есептен шығарылды? Тіпті қол қою бонусы (барлау алаңы үшін) соншалықты қымбатқа түспейді», – деп сауал тастайды сарапшы.
Нұрлан Жұмағұлов ҚМГ резервінде болашағы бар кен орындары тұрғанын айтады. Сала маманы осы жобалар бойынша ашықтық болады деп үміттенеді.
26 маусымда қаржы есебін жариялаған «Самұрық-Қазына» қорының таза пайдасы 10%-ға азайып, 2,12 трлн теңгені құрағаны белгілі болды.
Көрсеткіш негізінен шығындардың 4,5 есе артуы және басқа операциялық шығыстардың ұлғаюы есебінен төмендеді. Қаржылық шығындар да өсті (710 млрд теңгеге дейін) және бірлескен және шоғырландырылған компаниялардың таза пайдасы 1,5 есеге (945 млрд теңгеге дейін) азайды.
Бұл ретте жалпы пайда мен операциялық қызметтен түскен пайда аз ғана өсті. Кірісі 15,4 трлн теңгеге жетті. Бұл 2022 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 4,1%-ға артық. Мемлекеттік субсидиялар көлемі 14,3%-ға өсіп, 61 млрд теңгеге жетті.