Түркістан облысында терроризмді насихаттады деген күдікпен 4 адам ұсталды
Түркістан облысында терроризмді насихаттады деген күдікпен Қазақстанның 4 азаматы ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комиетінің хабарлауынша, күдіктілердің біреуі ұзақ уақыт бойы шетелде тұрған, радикалды діни идеологияға сол жерде тартылған болуы ықтимал.
«2024 жылғы 26 маусымда Түркістан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен және ІІМ-мен өзара іс-қимыл жасай отырып, терроризмді насихаттады деген күдікпен Қазақстанның 4 азаматын ұстады», – деп жазылған хабарламада.
Тінту барысында діни әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдер алынған. Қылмыстық кодекстің 256-бабының 1 және 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
2023 жылдың басынан ҰҚК террорға қарсы бөлімшелері террористік сипаттағы қылмыстарды жасады деген күдікпен еліміздің 31 тұрғынын және шетелдікті ұстады. Осы кезеңде сот органдары аталған фактілер бойынша тағы да 10 адамды әртүрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырды.
2023 жылдың желтоқсанында терроризмді насихаттады деген күдікпен Шығыс Қазақстан облысының азамат ұсталған болатын. Сонымен бірге өткен жылы Тәжікстан азаматы елордада терроризмді насихаттағаны үшін сотталды. Халықаралық лаңкестік ұйымдардың идеологиясын насихаттағаны үшін сотталған М. өз бетінше астаналық діндарларды «қарулы жиһадқа» қатысуға үндеген. Сонымен қатар өз әрекетінің заңсыздығын түсініп, лаңкестерге қаражат жіберген.