Жаңалықтар

Үш жылға жоспарланып, ұзаққа созылған Алакөлге апаратын жол құрылысы аяқталды

Алакөлге апаратын жолдың ұзындығы 768 шақырым / Архив: kursiv.media

Алакөлге апаратын жолдар ашық, асфальт төселді. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі хабарлады.

Алакөл көліне оңтүстік жағынан бару үшін «Талдықорған – Өскемен» автомобиль жолынан Жетісу облысындағы Үшарал кентіне жетіп, содан кейін іргелес жатқан «Үшарал-Достық» жолына өту қажет. Көл жағасымен Жетісу облысының Достық ауылына қарай өтетін бұл учаскенің ұзындығы 180 шақырымды құрайды.

Ал «Талдықорған – Өскемен» автомобиль жолынан Алакөлдің солтүстік жағалауына бару үшін республикалық маңызы бар «Таскескен – Бақты» автомобиль жолына өту қажет. Ұзындығы 133 шақырымды құрайтын бұл учаске Абай облысының Мақаншы ауылына апарады. Одан әрі Мақаншы ауылынан көлге жету үшін облыстық маңызы бар «Мақаншы – Жалаңашкөл» автомобиль жолымен жүруге болады.

Айта кетерлігі, Алакөлге жолаушылар республикалық маңызы бар «Талдықорған – Өскемен» автомобиль жолы арқылы қатынайды. Ұзындығы 768 шақырым жолға толығымен асфальт төселді.

Еске сала кетсек, аталған жолдың құрылысы 2017 жылы басталады деп хабарланған. 2018 жылы жоба үш жылда аяқталады деп уәде етілген. Алайда жолдың құрылысы 6-7 жылға созылды.

Сонымен қатар Qazaq Air әуе компаниясы 20 маусымда Алакөлге қосымша рейстер ашты. Туристік бағыт ретінде «Астана – Үшарал – Астана» және «Алматы – Үшарал – Алматы» маршруты ұсынылады. Ұшақтар аптасына төрт мәрте қатынамақ.

Алакөл – Қазақстандағы шипалы көлдердің бірі. Көлемі жағынан Балқаштан кейін екінші орында. Оның тереңдігі 75 метрге дейін барады. Көлге 15-тен астам өзен құяды. Туристік нысан ретінде кеңінен танымал.

Мамыр айынша Үкімет басшысы Олжас Бектенов ведомстволарға «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп авиабилеттерге баға белгілеу мәселесін шешуді тапсырды. Премьер-министр Балқаш пен Алакөлге алып баратын жолдарда туристік нысандар дамымағанын айтқан.