Қырғыз Республикасы уран кен орындарын игеруге қатысты мораторийді алып тастады. Садыр Жапаров заңға қол қойды
Садыр Жапаров «Қырғыз Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» және «Қырғыз Республикасында уран және торий кен орындарын іздеу, барлау және игеру мақсатында жер қойнауын геологиялық зерттеуге байланысты қызметке тыйым салу туралы» Заңға қол қойды.
Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ел үшін стратегиялық маңызды ресурстарды пайдалану және Қырғызстан экономикасын дамыту арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу мақсатында заңмен жер қойнауын геологиялық зерттеумен байланысты қызметке тыйым салу алынып тасталатыны атап өтілді.
Бұған дейін Қырғыз Республикасы парламенті үшінші оқылымда уран кен орындарын игеруге мораторий күшін жою туралы заңды қабылдады.
Еске сала кетсек, Ыстықкөл маңындағы Қызыл-Омпол кен орны төңірегінде жанжал болды. Кейін уран мен торий өндіруге мораторий енгізілді. Оқиға 2019 жылдың көктемінде болды. Қырғызстандағы «УрАзия» компаниясының лицензия алып, геологиялық барлау жұмыстарын бастаған. Кейін тұрғындар бұл кен орындарын игеруді тоқтатуды талап етті. Нәтижесінде парламент елде уран өндіруге тыйым салуды мақұлдады.
Араға бес жыл салып, 2024 жылдың ақпан айында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ыстықкөл және Нарын облыстарындағы бірқатар елдімекендердің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында уран өндіру мәселесін көтерген болатын. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру экономикалық жағынан тиімді.
Бұған дейін АҚШ Ресей уранынан бас тартты. Байден шикізатты елге импорттауға тыйым салатын заңға қол қойған еді.