Утиль алымынан түскен қаражат қандай салаларға бағытталады?

Жарияланды
Утиль алымының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны жақсарту ма? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қостанайдағы авто зауыттар алаңдарында утиль алымын алып тастау мәселесі жөніндегі петицияны қарайтын жұмыс тобының отырысы өтті. Жиын барысында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев алымнан түскен қаржы қандай салаларға бағытталатынын айтты.

«Қазіргі уақытта барлық утиль алымы қаражаты Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құрылымдық бөлімшесінде, «Жасыл даму» АҚ-да жинақталған. Экологиялық кодекстің 388-бабында кәдеге жарату төлемінен жиналған қаражатты бағыттау қажет 14 сала бар. Экологиялық кодексте нақты реттелген осы 14 саланың барлығы да олардың негізгі міндеті – қоршаған ортаны жақсарту», – деді вице-министр.

Бүгінде қаржы автоөндірушілерге, ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге арнайы бөлінген жоқ.

«Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған бірқатар қаржылық ресурстар бар. Бүгінгі таңда шамамен 200 млрд теңге. 94 жобадан тұратын пул таңдалды, оның 22-сі мақұлданды және жақын арада қаржыландырылады деп күтілуде. Сонымен, «Жасыл Дамуда» жинақталған кәдеге жарату төлемдерінің қаражаттары тек қоршаған ортаны қорғауды жақсартуға арналғанын айтқымыз келеді», – деді спикер.

Еске сала кетсек, Экология министрлігі Әлия Назарбаеваға қатысты «ӨКМ Операторы» орнына утиль алымының жаңа бағдарламасын әзірледі.

Утилизация алымы – мемлекетке төленетін бір реттік төлем, ол келешекте көлікті утилизацияға жіберген кезде жұмсалуға тиіс қаржы. Қазақстанда көлікті елге алып келгенде төленетін утильалым 2016 жылы 1 қаңтарда енгізілді. Кейін қоғам тарапынан сынға ұшырап, 2022 жылы қайта қаралды. Сол жылғы мамырда утиль алымның жаңа мөлшерлемелері жарияланды. Төлем 50%-ға азайды.

Қазіргі таңда бұл іспен «Жасыл Даму» АҚ айналысады. Даулы істерден соң аталған компанияға Әлия Назарбаеваға қатысты «ӨКМ Операторы» активтері мен функциялары берілді.

Сондай-ақ оқыңыз