Жаңалықтар

Блогерді дайындайтын бір жылдық университет – Qamalladin Media негізін қалаушылармен сұхбат

Блогерлік пен бір жылдық университет – Qamalladin Media / Фото: kursiv.media, бильд-редактор – Аружан Махсотова

Блогерлерді дайындау, оларға жарнама тартумен айналысатын Qamalladin Media компаниясының негізін қалаушы Абылайхан және Диана Камалладиндер Kursiv Media KZ подкастында қонақ болды. Сұхбатта блогерлер мектебі, жарнама саласы мен креативті экономиканың дамуы және басқа тақырыптар сөз болды.

QM Meta Communication жеті жыл бұрын құрылған. Бүгінде агенттік 1000-нан аса блогермен жұмыс істейді.

«Алғашында өзіміз блогер болып, жеті жыл бұрын блогерлерге арналған Qamalladdin Media деген агенттік аштық. Қазір бұл кәсіп QM Meta Communication деп аталады. Халықаралық компаниялармен жұмыс істейміз, олар біз арқылы елдегі блогерлерден жарнама сатып алады. Жеті жыл бойы бұл сала халықаралық деңгейде қалай жұмыс істеп жатқанын, қандай мамандар істейтінін, қалай ойлап, қалай ақша табатынын зерттеп көрдік. Қазір осы салада жинаған білімімізді, үйренгенімізді қолданып, жастарға үйретіп жүрміз», – дейді Диана Камалладин.

QM Meta: Тәртіп болмаса ақша жоқ. Ірі компанияларға отбасылық құндылық маңызды

Қазір агенттік аясында Qamalladdin University ашылған. Мұнда түрлі салалық жаңа мамандықтар оқытылады.

«Қарапайым сөзбен айтқанда, университет қазіргі заман талабына сай мамандарды дайындайды. Мақсат төрт жыл оқыту емес, жұмысқа қабілетті шыңдап, жұмыс істеуді үйрету, жұмысты алып кетуге машықтандыру. Кейінгі жылдары SMM, product manager сияқты жаңа мамандықтар, блокчейн немесе back end сияқты жаңа it мамандықтар пайда болды. Біз осындай моно салалар бойынша оқытамыз», – дейді Абылайхан Камалладин.

Диана университет студенттеріне интернетте дұрыс жұмыс істеп, икем мен қабілетті оңтайлы қолдану жолдарын және осы арқылы табыс табуды үйрететінін айтып толықтырды.

Қазір университет аясында «Блогерлерді дамыту орталығы» да жұмыс істеп тұр. Бұл бойынша аз-көп оқырманы бар, бірақ бір орында тұрып қалған блогерлер жүгінетін көрінеді. Орталыққа келген блогерге арнайы тапсырмалар тізімін беріп, біраз уақыт бірге жұмыс істеп көреді. Блогер бәрін орындап, оқырман саны артып, өзі де өссе, агенттік жарнама алып береді. Нәтиже болмаса, серіктестік жойылады.

Агенттік блогерлер мен жарнама берушілерді байланыстыра отырып табыс табады. Абылайхан бұл бағытта Қазақстан нарығы үшін әжептәуір ақша табуға болатынын айтады.

«Тек блогерлерден түсетін табыс айналымымыз 1 миллиардқа жуықтайды. Бұл, әрине, Қазақстан нарығы үшін өте көп сома емес. Бірақ аз деуге де келмейді, жаман емес. Себебі бұл – креативті экономика. Бұл сала бізде енді аяққа тұрып келеді», – дейді ол. 

Агенттік басшылары бұл сома артатына, ал креативті экономика әлі қарқын аларына сенімді. Абылайхан Камалладиннің сөзінше, бұған әлеуметтік желілердің қоғамды жаулап алғаны себеп болған. Ол жарнама тұрғысынан да әлеуметтік желі тиімдірек, жемқорлық жоқ алаң екенін айтады.

«Шынын айтқанда, бұрын адамдар жарнаманы тек телевизияға беретін. Бірақ қазір ата-апалардың өзі теледидар көрмейді. Жасымыз да, кәріміз де TikTok-та отырамыз. Жарнама жағынан да бұл жерде бәрі ашық. “Миллион қаралым жинап берші» деп бір қоңырау шала салатын Бәке, Сәке жоқ. Бұл жерде әр қаралым еңбек пен күнделікті жұмыс арқылы келеді”, – дейді ол. 

Абылайхан әлеуметтік желіде әр қаралым маңызды болғандықтан, блогер боламын деген адам ерінбеуі керек еккенін айтады. Ол екінің бірі блогер бола алмайды деп есептейді. Оның айтуынша, нақты мақсат болмаса, бұл салада белгілі бір нәтижеге жету мүмкін емес.