Маслоу пирамидасы: өтелмеген қажет жаман ба?

Жарияланды
Маслоу пирамидасы деген не? / Фото: shutterstock.com

Адам өзін бақытты сезінуі үшін қандай қажетін өтеуі керегін білесіз бе? Бұл бір жауабы жоқ, «бақыт деген не?» сынды риторикалық сауалға ұқсағанымен, психологияда бұл тақырып терең зерттелген. Мысалы, америкалық психолог Абрахам Маслоу (Abraham Harold Maslow) «Маслоу пирамидасы» арқылы осы сұрақтың жауабын ұсынды. Бұл қандай теория? Қажеттер иерархиясы бақытқа апара ма? Осы туралы айтатын боламыз.

Маслоу пирамидасы деген не?

Маслоу пирамидасы — пирамида түрінде орналасқан адам қажеттерінің моделі. Оны америкалық психолог Абрахам Маслоу ұсынған. Алғаш рет пирамида туралы 1943 жылы «Адам мотивациясының теориясы» (A Theory of Human Motivation) деген мақалада сипаттап жазылған. Ел ішіндегі тағы бір атауы — қажеттер иерархиясы. 

Абрахам Маслоу деген кім?

Абрахам Маслоу — XX ғасырдың орта тұсында өмір сүрген америкалық танымал психолог, гуманистік психологияның негізін қалаушы. Бұл — психология ғылымындағы адамды тұлға ретінде қарастырып, зерттеу нысаны қылып алатын бағыт. Маслоу адамдардың мінез-құлқын, өзін-өзі ұстауын ұзақ  зерттеген. Сөйтіп зерттей келе адамдардың барлығына тән қажеттер мен олардың нақты иерархиясы барын байқаған. Осы иерархияны ол біз жоғарыда айтқан Theory of Human Motivation мақаласында сипаттаған.

Бір қызығы, Маслоу идея ойластырған кезде еш зерттеу өткізбеген. Тіпті сауалнама да жүргізбеген. Теория оның жеке ойы, болжамына негізделген. Сонымен бірге әлдебір ой қорытуына Джефферсон, Линкольн, Хаксли, Эйнштейн сияқты танымал тұлғалардың өмірбаянын оқуы сеп болған. Осылайша психолог әлгі тұлғалардың өзін дамытатын жолда өткерген кезеңдері бірдей болғанын байқайды. Соған сүйене отырып, әр кезеңді ретімен, дұрыс өткерген жағдайда табысқа жетуге болады деген байламға келеді. Міне, теорияға осы ой яки болжам негіз болған. Қысқаша айтқанда, адамның барлық қажеті нақты иерархиядан тұрады. Жеке тұлға ретінде қалыптасу үшін адам сол қажеттің бәрін өтеуге тиіс. Ол үшін төменнен жоғары қарай жылжу керек.    

Адамның басты 5 қажеті

Маслоу адамның мынадай басты бес қажеті бар дейді: 

  • физиологиялық (basic needs);
  • қауіпсіздік (safety needs);
  • сүйіспеншілік (love needs). Кейіннен Маслоу оны әлеуметтік қажеттер (social needs) деп ауыстырған.
  • құрмет немесе елдің мойындауы (esteem needs);
  • өзін-өзі тану (need of self-actualization).

Маслоудың адам қажеттері иерархиядан тұрады деп жазғанын айттық. Яғни бір қажет өтелген кезде екіншісі пайда болады. Ол алдыңғысынан ауқымдырақ дегендей. Мәселен, адамның қарны тоқ, қауіпсіз болса, оған махаббат керек бола бастайды. Психологтың айтуынша, үнемі қалауы өзгеріп тұратындықтан, адам баласы бүкіл қажетін өтей алмайды. Әсіресе, пирамиданың бас жағындағыларға жете алмауы мүмкін. Ал кей адамдар сол төменгі деңгейде жүріп-ақ, бақытты бола береді. Бұл пирамиданы менеджмент, маркетиң, қызметкерлермен жұмыс барысында кеңінен қолданады. Десе де, теорияның дұрыстығы ғылыми тұрғыдан расталмаған. Ғылыми ортада бұған қатысты әлі де екіұдай ой бар. Маслоу пирамидасының бес деңгейін жеке-жеке қарастырып шығайық. Ғалым адамның негізгі қажеті ретінде өмірде тірі қалуға талпынысты атайды. Осы нәрсе қанағаттандырылған жағдайда келесі қажетке өтеді.

  1. Физиологиялық қажеттер. Бұлардың ішіне ауа, тамақ, баспана, киім-кешек, жылу, ұйқы кіреді. Яғни адамның жан бағуына керек басты дүниелер. Маслоу осы қатарға сексті де кіргізген. Психолог осы атап өткен қажеттерді ең бастылары деп санаған. Былайша айтқанда, қандай да бір жағдай болғанда адам алдымен басын аман алып қалуды ойлайтынын айтады. Солар қанағаттандырылмайынша, онда басқа қалау пайда болуы екіталай.
  2. Қауіпсіздік қажеті. Қорғаныс сезімі. Адамның физиологиялық қажеттері қанағаттандырылған соң, бірінші орынға болашаққа деген сенім мен қауіпсіздік мәселесі шығады. Адам өз өмірін өзі бақылауға алғысы келеді. Бәрі қалауындағыдай, жоспармен болса, өзі сызған тәртіппен жүрсе деп ойлайды. Өмір мен денсаулыққа келетін тікелей қауіп болмай, табиғи апаттан ада болып, әлеуметтік жағдайды тұрақты, қаржылық жағынан да қалыпты болатын кезді қалайды. Біздегі бұл қажетті полиция, құтқару қызметі, жедел жәрдем сынды қызметтер өтеп келеді. 
  3. Әлеуметтік қажеттер. Айтқандай, Маслоу мұны алғашқыда «сүйіспеншілікті қалау» деп атаған. Яғни физиологиялық қажеті өтеліп, қауіпсіздікте өмір сүріп жатқан кезде адам басқалардың тарапынан махаббат, бауыр басу сияқты сезімдер күтеді деп есептеген. Пирамиданың бұл блогында отбасылық байланыс, достық қарым-қатынас, айналаны қабылдау, басқаларға сену сияқты әлеуметтік қатынастар орналасқан.
  4. Құрмет немесе елдің мойындауы. Маслоу бұл блокты екіге бөлген: өз-өзіңді сыйлау (жетістіктеріңді, қабілеттеріңді бағалау, басқалардан тәуелсіз болу)  және басқалардың сені мойындауы. Адам болмысынан өзіне сенімді болып, басқалардың көзінше де сондай болғысы келеді. Өз-өзіңді сыйлау өзіңе деген сенімділікпен тікелей байланысты. Өзін толықтай қабылдап, бағасын білетін адамдар ғана өз-өзің құрметтейді, өзіне сенімді болады. Ал енді басқалардың мойындауы деген қажетке келсек, ол өзгелердің тарапынан мақтау естіп, бағалану жайлы. 
  5. Өзін-өзі тану қажеті. Маслоу бойынша бұл — адамның не үшін жаратылса, сол бағыттағы іспен айналысуы. Мысалы сіздің музыкалық қабілетіңіз жоғары болса, онда сізге музыкамен айналысу керек. Суретші — сурет салып, жазушы шығарма жазып дегендей. Яғни адам өмірге келген кезде әлдебір миссия яки қабілетпен жаратылады. Егер бақытты болғысы келсе, онда сол миссиясының жолында жұмыс істеуі қажет. Міне, сол құштарлық, өз әлеуетіңді көтеру — Маслоу пирамидасының ұшар басында тұрған қажет. Дегенмен әр адамда жағдай әртүрлі болатынын ескеру керек. Мәселен, біреу сала маманы болғаннан гөрі керемет ана болып, әлемге әйгілі бала тәрбиелеуді өзіне мақсат етіп белгілеуі мүмкін. Қалай десек те, талпыныс, сол іске бекініп кірісу адамды бақытты ете түседі.

Маслоу пирамидасына қатысты пікірлер қандай?

Қазіргі ғалымдар, психологтардың ішінде «Маслоу пирамидасы қатып қалған қағида емес» деген пікірдегілер де бар. Кейбірі қажеттер заманына қарай аздап ескірген дейді. Айталық, осыдан 14 жыл бұрын эволюциялық психологтар кейінгі жасалған биологиялық зерттеулерге сүйене отырып, мынадай ұсыныс жасаған: пирамидадағы ең жоғарғы қажет — өзін-өзі тануды «ата-ана болуға» (parenting) ауыстырған жөн деген. Оны олай былай түсіндіреді. Адам үшін ең маңызды импульс — тірі қалу және өзінен кейін ұрпақ қалдыру. Яғни заманауи ғылыми зерттеулер нәтижесінде адамдар үшін түптің түбінде өзінен кейін ұрпақ қалдыру жетістікпен пара-пар деген болжам жасалған. 

Бұл пирамидаға қатысты екіұшты ойды менеджмент саласын зерттеп жүргендер де жиі айтады. Мысалы, осы сала мамандары пирамиданың шығу төркінін жақсылап зерттей келе, 2018 жылы иерархияны пирамида қылып бейнелеген Маслоудың өзі емес, психолог-әріптестері де емес, қызметкерлерді басқару жөніндегі маман Чарльз Макдермид екенін анықтаған. 1960 жылы жазылған мақаласында Чарльз Маслоу идеясын сипаттаған. Бірақ зерттеушілердің айтуынша, оның интерпретациясында қате кеткен. Әңгіме Charles McDermid, How money motivates men мақаласы туралы. 

Чарльз Макдермид те, одан кейін қызметкерлерді басқару саласында жұмыс істеп жүрген өзге кеңесшілер де психологтың идеясын тым қарабайыр қылып жіберген-мыс. Олардың айтуынша, адамдарда жоғары не төменгі деңгейдегі қажеттің туындауы олардың табысы не кәсіби мансабына байланысты. Қажеттер иерархиясын пирамида қылып бейнелеу арқылы Макдермид өзінің ойын шегелеуге тырысқан деседі. Атап айтқанда, әлдебір сала мамандары, қызметкерлер ғана шығармашылыққа, дамуға құштар келеді, ал басқаларға пәтердің ақысын төлеп, жейтін тамағы болса жеткілікті, жоғарырақ деңгейдегі қажетті ойлап әуре болмайтынын айтады. Бір қызығы, зерттеушілер Маслоу дәл бұлай айтпаған әрі пирамиданы да өзі салмаған деп отыр. 

Бір деңгейді өтпей, келесісіне секіріп кетуге бола ма?

Маслоу теориясына қарасақ, бұлай жасау мүмкін емес сияқты. Яғни бір қажет өтелгеннен кейін ғана екіншісіне өтуге болады-мыс. Десек те, психолог бұлай демеген. «Көбіне адамдар бір уақытта бірнеше қажетті қатар орындауға тырысады» деп жазған. Сондай-ақ әртүрлі факторға байланысты кейде адамның қалауы, қажеті өзгеріп тұрады. Айталық жұмыс ауыстырғанда, басқа жаққа көшкенде, отбасылық жағдайы өзгергенде приоритет те өзгеруі бек мүмкін. Мысал үшін адам балалы болғанда көп нәрсе өзгереді. Маслоу бір сұхбатында «Адамның бір деңгейдегі қажеті қанша пайызға өтелгенде деңгейден өтті деп саналады?» деген сұраққа жауап берген. Оның айтуынша, физиологиялық қажеті — 85 пайыз, қауіпсіздік — 70 пайыз, әлеуметтік қажет — 50 пайыз, мойындалу — 40 пайыз және өзін-өзі тану 10 пайызға өтелсе, жеткілікті деген. Одан қала берді Маслоу теориясын кей адамдарға сәйкес келмеуі мүмкін екенін де айтқан. Ондай адамдар кімдер?  

  • Өзіне деген құрмет махаббаттан маңызды болса;
  • Шығармашылық барлығынан маңызды болса; 
  • Бар мақсаты тірі қалу болып тұрғандарға;
  • Басқаларда шаруасы жоқ, ешкімнің мойындауына зәру емес, психикасы бұзылған, социопаттарға;
  • Қауіпсіздік туралы ойланбайтындар, уайымдамайтындарға. Мысалы кішкентайынан не ішем, не кием деп ойлап көрмей өскендер аштықтың не екенін түсіне бермейді. Ол оның басынан өтіп көрмеген. Қара нан мен судан басқа азық жоқ болуы мүмкін дегенді елестете алмайды. Сондықтан ол тамаққа мұқтаж болу дегенді ұқпайды. «Қалайша тамақ жоқ болады? Бар емес пе? Толып тұр ғой» деп дес бермеуі мүмкін.
  • Мақсатқа жету үшін барын салатындарға. Маслоу оларды «өзін қинайтындар» дейді. Ондай адамдар діттегеніне жету үшін ас ішпей, ұйқы көрмей, жан баласымен араласпай, үй-күйсіз жүре беруге даяр. 
Сондай-ақ оқыңыз