Бизнес электромобильдерді қуаттау бекеттерін орнатуға қарсы, өйткені пайда көрмейді — сенатор
Қазақстанда электромобильдерге арналған инфрақұрылым әлі дамымаған және қуаттау бекеттері мен мамандандырылған сервис тапшы. Мұны ескерген халық электромобильге көшуге әлі де күмәнмен қарайды. Осылай деп мәлімдеген сенатор Ернұр Әйткенов электрмобиль инфрақұрылымына қатысты мәселе көтерді.
Сенаттың жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралды. Осы орайда Сенат депутаты Ернұр Әйткенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігнің өкіліне сауал жолдады.
«Қазақстанда электромобильдер инфрақұрылымы бойынша мәселелер бар. Мәселен, жылдам қуаттау бекеттері мен мамандандырылған сервистің тапшылығы байқалады. Сондықтан ел азаматтары электромобильдерге ауысуға әлі де екі ойлы. Оған қоса инфрақұрылымдағы кемшіліктер тағы бар. Ал бизнес қаржылық мүмкіндіктердің шектеулі екенін көріп, қуаттау бекеттерін орнатуға қарсылық білдіруде»,- деді сенатор.
Бұл орайда Ернұр Әйткенов Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрінен электромобильдер инфрақұрылымын дамытудың кешенді бағдарламасы, бизнеске жеңілдік пен мемлекеттік қолдаудың қандай болатыны жайлы сұрады.
Вице-министр Қуандық Қажекенов электромобильдерді қуаттау бекеттерін орнату мәселесіне қатысты кейбір заңдық нормалар пысықталып жатқанын жеткізді.
«Қазіргі уақытта қуаттау электр бекеттері үшін жерді пайдалануға беру мүмкіндігі қарастырылатын жер кодексіне тиісті өзгертулер енгізілуде. Оның ішінде қорғалатын аумақтарда электр желілеріне кіру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар бұл мәселені кешенді шешу үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңға ішінара тиісті түзетулер енгізілуде. Бұл өзгерістер қуаттау бекеттерін бірден орнатуға мүкіндік береді. Әзірге заңда ондай норма қарастырылмаған», – деп жауап берді Өнеркәсіп және құрылыс вице министрі Қауандық Қажкенов.
Айта кетейік, Сенат көлік және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту туралы заңдағы түзетулерді мақұлдады. Заңда жобасында көрсетілгендей, енді электромобиль жүргізушілеріне ақылы тұрақтарда тегін орын беріледі.
Негізгі заңда келесідей заңнамалық нормалар қарастырылған:
- ортақ пайдаланылатын жер учаскелерін электромобильдер үшін беру, электрқуаттау станцияларын орналастыру, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінде орналастыру мәселелері;
- «электромобиль» және «электрозарядты станция» ұғымдарын енгізу;
- коммуналдық ақылы автотұрақтарда электромобиль көлігінің иелері үшін тегін тұрақ орындарын пайдалану;
- тұрғын аймақтардағы электрозарядты станцияларды жобалау, орнату және техникалық пайдалану ережелерін әзірлеу және бекіту бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттілігін анықтау;
- жергілікті атқарушы органдарға электрқуаттау станцияларын орналастыру туралы шешім қабылдау бойынша, сондай-ақ электрқуаттау станциялары үшін инженерлік инфрақұрылым ұйымдастыруды қамтамасыз ету бойынша өкілеттіктер беру.
Сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне толықтыру енгізу туралы» Заң электр желілеріне өз бетінше қосылғаны үшін, сондай-ақ электрқуаттау станцияларымен жабдықталған орындарда көлік құралдарын тоқтату немесе тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу мақсатында әзірленген.
Сенатор Сұлтан Дүйсембинов келтірген мәліметке сүйенсек, 2023 жылдың 1 қаңтарында елімізде электр қозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, қазіргі уақытта 9 мыңнан астам жуық электр көлігі тіркелген.
«Бұл деректер электромобиль санының күн санап еселеніп өскендігін көрсетіп отыр. Бұл дегеніміз мемлекет тарапынан электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуды талап етеді», — деді Сұлтан Дүйсембинов Сенаттың жалпы отырысында.
Еске салсақ, елімізде электрокар иелері электр желілеріне өз бетінше көлігін қуаттай алмайды. Заң жобасында осындай талап қарастырылған. Қазақстанда электр көліктерінің зарядтау станцияларын электр желілеріне өз бетінше қосқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Жалпы желілерді заңсыз пайдаланғаны үшін полиция жеке тұлғаларға 184,6 мың теңгеге айыппұл сала алады. Ал ірі кәсіпкерлерге 10 есе көп айыппұл салынады.