Жаңалықтар

Ішкі істер министрлігі Қонаев қаласындағы қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты

1995 және 1997 жылы туған күдіктілерге іздеу жарияланды / Фото: архив kursiv.media

Қонаев қаласында атыс болып,  21 жастағы жігіт көз жұмды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев аталған іске қатысты пікір білдірді.

Министр орынбасары Қонаев қаласында атыс болғанын растады.

«Мұндай дерек болғанын растаймын. Қонаевта осындай оқиға болды. Ауруханаға оқ тиген 2 адам түсті, бір адам көз жұмды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Конфликтіге қатысқандардың барлығы анықталды. Қазір оларды ұстау шарасы жүргізіліп жатыр», – деді Марат Қожаев Сенат кулуарында.

Сондай-ақ Алматы облысының полициясы қылмыстық іс қозғалғанын, күдіктілерге іздеу жарияланғанын хабарлады. Атыс салдарынан 2003 жылы туған жігіт қайтыс болған. Зардап шеккен тағы бір адам ауруханада, ал 1995 және 1997 жылы туған күдіктілерге іздеу жарияланған.

«Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір қылмыс жасады деген күдікті адамдарды ұстауға бағытталған кешенді іс-шаралар өтіп жатыр. Тергеу жалғасады және облыстық департамент басшылығының жеке бақылауында», — деп хабарлайды Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 13 маусымда Аягөз гарнизонына қарасты бөлімде қызмет ететін әскери адам көз жұмған болатын. ҚР Қорғаныс министрі қауіпсіздік ережелерінің сақталмауына байланысты тексеріс жүргізілетінін хабарлады.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында терроризмді насихаттады деген күдікпен Қазақстанның 4 азаматы ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комиетінің хабарлауынша, күдіктілердің біреуі ұзақ уақыт бойы шетелде тұрған, радикалды діни идеологияға сол жерде тартылған болуы ықтимал.