Астанадағы ШЫҰ саммиті: діни нысандар бақылауға алынып, блокбекеттер қойылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Елорданың кіреберісіне блокбекеттер қойылып, полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Шілденің 3-4 күндері елордада өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммитіне байланысты қалада қауіпсіздік режимі күшейді. Әсіресе, стратегиялық нысандар, мешіт пен шіркеулерге бақылау қатаңдатылды. Дегенмен сырттан келушілерге ешқандай шектеу қойылмайды. Бұл жайында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты.

ІІМ бірінші орынбасары елорданың барлық  кіреберісіне блок бекеттер қойылғанын, полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін мәлімдеді. Сондай-ақ мешіттер мен шіркеулерге бақылаудың не себепті артқанын түсіндіріп берді.

«Мұндай шаралар қабылданып жатыр. Бұл Қазақстанның ойлап тапқаны емес, халықаралық тәжірибе. Біз мұны халықтың қауіпсіздігі үшін жасап жатырмыз. Мұның бәрі мәртебелі меймандарды қабылдаумен байланысты екенін алдын-ала ескертеміз. Стратегиялық нысандар күзетіледі. Көрші мемлекетте болған оқиғаларға байланысты діни және басқа да нысандарға наряд қойылды», – деді Марат Қожаев Сенат кулуарында.

Сондай-ақ Қожаев саммиттің өтуі қала қонақтарына еш әсерін тигізбейтінін айтады. Сырттан келушілерге қалаға кіруге еш шектеу қойылмайды. Саммит өтетін күндері горнизон толық құрамда жұмыс істейді. Бұдан бөлек сырттан тартылатын күштер тағы бар.

«Жалпы 6 мыңнан 8 мыңға дейін полиция қызмет етеді. Азаматтардың жүріп-тұруына ешқандай шектеу жоқ. Бұл осындай халықаралық іс-шараны өткізу кезінде қолданылатын стандартты қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған шара. Қаланы ешкім жаппайды», – деп түсіндірді Марат Қожаев.

Айта кетейік, биыл 3-4 шілде күндері Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Жиында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықтың көптеген өзекті мәселесін қарастырады. Форумға бақылаушы елдер мен диалог бойынша серіктес мемлекеттердің басшылары қатысады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз