Британиялық мұнай-газ алпауыты BP жасыл энергетикаға инвестиция салуды тоқтатады

Жарияланды
BP жаңартылатын энергия саласындағы жаңа ірі жобаларға инвестиция салуды тоқтатады / Фото: Reuters/Chris Helgren

Британиялық мұнай-газ алпауыты BP жаңартылатын энергия саласындағы ірі жобаларға инвестиция салуды да, қызметкерлерді жұмысқа алуды да тоқтатпақ. Басшылығы ауысқан соң, компания дәстүрлі мұнай мен газға көбірек көңіл бөле бастады. Бір жағынан, бұған компанияның энергетика саласына қатысты страгегиясына инвесторлардың наразы болуы әсер етті.

Толығырақ

Биыл BP-дың бас атқарушы директор лауазымына тағайындалған Мюррей Очинклосс жаңа теңіз жел-энергетикасына қатысты жобаларды жүзеге асыруды тоқтатты. Өйткені компанияның қазба арқылы өндірілетін энергиядан жаңартылатын энергияға ойысу стратегиясы инвесторлардың көңілінен шықпады деп жазады Reuters бірнеше дереккөзге сілтеп. Олардың сөзінше, Очинклосс жаңа қызметкерлер жалдауды да тоқтатқан.

Компания ірі бюджеттік төмен көміртекті жобаларға, әсіресе, теңіз жел энергетикасына инвестиция салуды тоқтатады. Өйткені бұл жобалар көп уақытқа дейін пайда әкелмейді.

Осылайша, BP компаниясы бұрынғы басшы Бернард Лунидің қазба отыннан бас тартқан бағытынан күрт айныды. Лунидің саясаты BP акциясына кері әсер еткен еді. Себебі жаңартылатын энергия көздерінің кірісі төмендеді. Ал мұнай мен газдан түсетін пайда Covid-19 пандемиясы мен Украинада әскери қақтығыс басталғаннан кейін күрт өсті.

Reuters мақаласында атап өткендей, Очинклосс пен BP-дің қаржы директоры Кейт Томсон бірінші кезекте жаңа мұнай-газ активтерін инвестициялауға және сатып алуға ден қойды. Әсіресе, Мексика шығанағы мен АҚШ-тың тақтатас бассейндерінде, қазірдің өзінде BP ауқымды операциялар жүргізіп жатыр. Компания, сонымен қатар, биоотынға және қысқамерзімді болашақта пайда әкелуі мүмкін кейбір төмен көмірсутекті кәсіпорындарға инвестиция салуды қарастырмақ. BP осы аптаның басында Bunge астық трейдерінен қант пен этанол өндірумен айналысатын BP Bunge Bioenergia компаниясының 50% акциясын 1,4 миллиард долларға сатып алды.

Кадр саясаты

BP өзінің барлау тобына жаңа қызметкерлерді жалдайды. Компания, сонымен қатар, Мексика шығанағындағы Kaskida, Tiber және Gila сияқты жаңа кен орындарын игеруге көбірек қаржы мен жұмыс күшін бөлмек. Мұнай компаниясы өзінің бірігу және сатып алу бөлімін де қайта құрды.

Компания жаңартылатын энергия саласындағы жұмыс орындарын қысқартуы мүмкін дейді Reuters. Очинклосс қызметіне кіріскеннен кейін, прагматикалық тәсілге көшуді уәде етті. 2026 жылдың соңына дейін компанияның шығынын 2 млрд долларға дейін қысқарту жоспарын жариялады.

Қайтадан мұнайға оралу

Reuters-тің айтуынша, BP – көмірсутек өндірісін азайтуды мақсат тұтатын жалғыз ірі мұнай компаниясы. BP мен оның еуропалық бәсекелестері Shell және TotalEnergies акциялары соңғы жылдары едәуір қысымға ұшырады. Өйткені инвесторлар мұнай мен газ өндірісі төмендеген сайын болашақ кіріс те азаяды деп қауіптенеді.

Өткен жылы британиялық Shell өзінің стратегиясын қайта қарап, төмен көмірсутекті энергетика саласындағы көп жобаға инвестиция салуды азайтты. Есесіне бұл компания кірісі жоғары бизнеске ден қойды. Ал америкалық ExxonMobil мен Chevron тақтатас мұнайын өндіретін Pioneer және Hess-ті сатып алып, қазба отынын өндіруді екі есе арттырды.

BP өткен жылы мұнай-газ өндіруді азайту жөніндегі міндеттемені орындауды бәсеңдетті. 2020 жылдың жазында ол оны 2030 жылға қарай 40%-ға төмендетуге уәде берген еді, енді 25%-ға ғана азайтуды жоспарлап отыр. Өткен айда Очинклосс 2030 жылға арналған мақсатын одан сайын жеңілдете түсті.

Акция жайы

BP акцияларының бағасы Лондондағы сауда басында 1%-ға өсті. Осы жылдың басынан бері компанияның құны небәрі 0,9% ғана көтерілген. FactSet мәліметтері бойынша, BP қағаздарын бақылайтын 28 сарапшының 19-ы акция сатып алуға кеңес береді. Сегіз сарапшы мұнай компаниясының акциясын инвестициялық портфельде ұстауды ұсынады. Тек  біреуі ғана сатқан дұрыс деп санайды. BP акцияларының орташа мақсатты бағасы 45,28 доллар, бұл – ағымдағы биржа бағасынан 27%-ға жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз