Жаңалықтар

Трейдер Roaring Kitty иттің суретін желіге салып еді, Chewy мен Petco-ның акциясы қымбаттап шыға келді

Roaring Kitty-дің парақшасына иттің суреті шығып еді, Chewy мен Petco акциялары бірден қымбаттап, аз уақытта бұрынғы деңгейіне қайта түсті / Фото: Unsplash/Chewy

Аты шулы трейдер Roaring Kitty-дің жұмбақ постынан кейін, бейсенбі күні үй жануарларына арналған тауар сататын америкалық Chewy және Petco Health and Wellness ретейлерінің бағасы қымбаттап кетті. Chewy қағаздары 34%-ға, ал Petco қағаздарының құны 12%-ға дейін көтеріліп кетті. Дегенмен баға сауда сессиясының барысында бұрынғы деңгейіне қайта түсті.

Толығырақ

Roaring Kitty деген лақап атпен танылған Кит Гилл әлеуметтік желіге иттің суретін салып еді, Chewy мен Petco-ның акциялары қымбаттап шыға келді. Бірақ ол инвесторлардың қызығушылығын тудыратындай, суреттің астына ешқандай жазба қалдырған жоқ. Мамыр айында да Гиллдің бір посты бөлшек инвесторлардың GameStop дүкендер желісінің акцияларын жаппай сатып алуына себеп болып, акциялардың бағасын бір сессияда 74%-ға дейін көтеріп жіберген еді.

Chewy акцияларының бағасы әлгі сурет жарияланған соң, бірден 34%-ға секірді. Бұл 2019 жылғы маусымнан бергі ең жоғарғы күндізгі өсу болды. Ал Petco акциялары 12%-ға көтерілді. Алайда бағаның көтерілуі ұзаққа созылмады. Бейсенбідегі негізгі сессия Chewy-дің 0,3%-ға төмендеуімен, Petco-ның 0,3%-ға ғана өсуімен жабылды.

Егер кері сатып алу немесе бірігу туралы «дұрыс жаңалық» шықпаса, әдетте акциялар бұлай жайдан-жай көтеріліп-құламайды деді Bloomberg-ке Interactive Brokers LLC-дің бас стратегі Стив Сосник. Ол бірақ бұл жағдайда «иттің суреті бағаның өсуіне негізгі түрткі болды» деп отыр.

Контекст

Massachusets Mutual Life Insurance компаниясының бұрынғы маркетологы Кит Гилл 2021 жылы GameStop айналасындағы бөлшек инвесторларды біріктіріп, қысқа сатылымдағы хедж-қорларды ығыстыру үшін оның акцияларын сатып алуға көндірген еді. Оның аты да сол кезде шықты. 2021 жылғы осы жайт Конгресте қаралып, Гиллдің қатысуымен бірқатар талқылау өтті және бөлшек саудада «геймификация» әдістерін қолдануға қатысты пікірталас туған болатын.

Осыдан кейін Гилл біраз уақыт үнсіз қалған еді. Биыл ол әлеуметтік желіге қайта оралып, түрлі сурет пен видео жариялай бастады. Оның жазбалары нарықтың едәуір толқуына себеп болды. Атап айтқанда, Гилл мамыр айында жариялаған бірнеше постымен акциялардың бірден 20-30%-ға қымбаттауына әсер етті. Бірақ баға артынша бірнеше күн ішінде қайта құлдыраған еді. Негізінен, сөз GameStop пен AMC қағаздары жөнінде. Гилл GameStop-тағы өзінің бірнеше жүз миллиондық үлесін ашық көрсетіп, акция жайын талқылау мақсатында тікелей эфир өткізген болатын.

Маусым айының басында АҚШ-тың Массачусетс штатының құнды қағаздар жөніндегі реттеушісі осы трейдердің іс-әрекетін тексеретіні жайлы мәлімдеді. Оған қоса, E*Trade брокері Гиллдің есеп-шотын бұғаттау мәселесін көтерген еді.  

Акция жайы

Chewy мен Petco-ның бизнесі коронавирус пандемиясы кезінде айтарлықтай жандана түскен. Өйткені үйде оқшаулану кезінде тұтынушылар үй жануарларын көбірек асырай бастады. Пандемия аяқталған соң, жануарларға қажетті аксессуарларға сұраныс та төмендей түсті. Соңғы жылы Chewy мен Petco-ның үй жануарларына арналған азық-түлігі жақсы сатылды, бірақ маржасы үлкен санаттағы тауарлардың кірісі азайған.

Жыл басынан бері Chewy қағаздары 22,9%-ға қымбаттағанмен, соңғы 12 айда жалпы 24,8%-ға арзандаған. MarketWatch мәліметтері бойынша, Chewy қағаздарын қадағалайтын 31 сарапшының 19-ы акцияларды сатып алу керек десе, екеуі сату керек деп санайды. Қалғаны инвесторларға сатып алынған акцияларды әзірге портфельде ұстай тұруды ұсынады.  

Ал Petco Health and Wellness қағаздары соңғы жылы 62%-ға арзандады, бірақ соңғы үш айда 46,5%-ға өсті. MarketWatch мәліметтері бойынша, компанияның қағаздарын бақылайтын 15 сарапшының төртеуі оларды сатып алуды ұсынады. Тоғызы сатып алған акцияларды портфельде ұстауға, ал екеуі сатуға кеңес береді.