«Жасанды интеллект көпіршігі», IPO нарығы қайта жанданып келеді, америкалық банктердің табысы артуда

Жарияланды
БАҚ шолуы / Shutterstock

Жасанды интеллектіге жұмсалатын негізгі шығындар саланың кірісі туралы болжамдарға сәйкес емес, бұл «ЖИ көпіршігі» туралы қауіпті растайды деп ескертеді Barclays. Дегенмен, жалпы алғанда, нарықта оптимизм нығайып келеді. Компаниялар IPO-ға қайта сенім арта бастады, АҚШ-тағы инвестициялық-банктік қызмет те қарқын алуда. Осы және басқа да тақырыптар туралы 27 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуын оқыңыз.

Barclays: Жасанды интеллектіге жұмсалатын шығын саланың табысы жайлы болжамға сәйкес емес

Barclays сарапшысы Росс Сэндлердің зерттеуінше, жасанды интеллектіні әзірлеу және енгізуге жұмсалатын ауқымды шығын компаниялардың одан табатын болжамды пайдасына сәйкес емес. Нарықтағы қазіргі жағдайды инвесторлардың ұтымды инвестициядан гөрі, ықтимал пайданы (FOMO) жіберіп алудан қорқуы деп сипаттауға болады. Уолл-стрит 2026 жылға қарай жасанды интеллектіге, шамамен, 60 млрд доллар жұмсалады деп болжайды. Ал одан түсетін кіріс осы кезеңде тек 20 млрд доллар болады. Бұл жасанды интеллектіден түсетін пайданың әсіре бағаланғанын көрсетіп отыр.

Осылайша, Сэндлердің есебі нарықта «ЖИ көпіршігі» пайда болғанын растайды деп жазады MarketWatch. Дегенмен ол 2026 жылға дейін жарыла қоймас дейді сарапшы. Жағымсыз сценарий егер келесі жылы «инвесторлардың бірі сыр берсе» ғана жүзеге асуы мүмкін. Жасанды интеллектіге қатысты дүрбелең басталғалы бері, осы салаға 167 млрд доллар инвестиция құйылған екен.

АҚШ-та компаниялар IPO-ға қайта сенім арта бастады

АҚШ-та IPO нарығы қарқын алуда, 2024 жылдың алғашқы алты айында компаниялар 20 миллиард доллардан астам қаражат жинады деп хабарлайды Bloomberg.

Morgan Stanley-дің Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы ECM (Equity Capital Markets) бөлімшесінің тең басшысы Эндрю Ветенхолл соңғы айларда акциялардың сәтті саудалануына нарыққа көп инвестордың белсенді қатысуы түрткі болғанын айтады. Сауда-саттық көлемі пандемияға дейінгі жылдардағыдай қарқынды өсіп жатыр. Нарық қатысушыларының арасында тәуелсіз инвесторлар, зейнетақы қорлары, ұзақ мерзімді инвесторлар және хедж-қорлар бар. Солардың қатысуы акция сатуда мәмілелердің сәтті жабылуына ықпал етуде.

Қор нарықтарының қайта жандануы және бағаның құбылуы төмендегені компанияларға жақсы листинг өткізуге қолайлы болмақ. Алайда екінші жартыжылдықта АҚШ президентін сайлау өтеді, бұл реттеуші органдардың позициясын өзгертуі ықтимал. Сондықтан компаниялардың көбісі әзірге өз листингі жайлы шешім қабылдамас бұрын, жарияланып қойған листингтердің қалай өтетінін бақылайды.

Ең ірі орналастырудың бірі – Lineage тоңазытқыш жабдықтарын жасайтын компаниясының IPO-сы. Сондай-ақ, Vista Equity Partners инвестициялық компаниясы мен OneStream бағдарлама жасақтаушы да биржаға кіруі мүмкін. Екі компания да акциялары миллиардтаған долларға бағаланады деп топшылайды.

Jefferies 59%-ға өсті: АҚШ-тың инвестициялық-банктік қызметі қарқын алуда

Yahoo Finance-тың хабарлауынша, Jefferies Financial Group-тың екінші тоқсандағы нәтижелері болжамды көрсеткіштен асып түсті және инвесторларды бір серпілтіп тастады. Топтың инвестициялық-банктік кірісі өткен жылмен салыстырғанда екінші тоқсанда 59%-ға өскен. Бұл облигацияларға андеррайтинг жасаудың, IPO-ға көмектесудің және бірігу мен сатып алу жөніндегі консультациялардың арқасында жүзеге асты. «Жалпы, біз аса оптимистік көзқарастамыз», – деп мәлімдеді Jefferies-тің бас директоры Ричард Хэндлер.

Кеше Jefferies акциялары 5,2%-ға өсті және бұл Уолл-стриттегі Jefferies-тің ірі бәсекелестеріне игі жақсылықтың нышаны болды. Олар шамамен екі аптадан кейін өз пайдасы туралы есеп беруі тиіс. Былтыр осы саланың бірқатар сәтсіздікке ұшырағаны елдің есінде. Бастапқыда бәрі оң нәтиже күткен еді: банк басшылары бірнеше IPO өтетінін жарнамалап, бірігу туралы хабарлаған болатын.

Бірақ 2023 жылғы көрсеткіштер соңғы он жыл көлемінде алғанда, ең нашары болды. Уолл-стриттегі ең ірі бес банктің табысы орташа есеппен 9%-ға кеміді. Сонымен қатар бірігу немесе сатып алу жөніндегі консультацияларға қатысты алымдардың кірісі 2023 жылы орта есеппен 21%-ға төмендеді.

АҚШ экономикасының баяулап келе жатқаны байқалады: қазынашылық облигацияларға сұраныс артты

Маусым айына қатысты АҚШ-тағы инфляция жайлы жағымды дерек күткен трейдерлер қазынашылық облигацияларға инвестиция салуда. Себебі кейбір макроэкономикалық деректер АҚШ экономикасының өсуі баяулағанын көрсетті деп жазады Bloomberg. Осы орайда ФРЖ жуырда пайыздық мөлшерлемені төмендетуі ықтимал, демек жаңадан шығарылатын облигациялар бұрынғыдай кірісті болмайды.

Жеті жылдық мемлекеттік облигацияларды 44 миллиард долларға сату сұраныстың артуына түрткі болды. Ал 10 жылдық қазынашылық облигациялардың кірістілігі төрт базистік тармаққа, яғни 4,28%-ға дейін төмендеді. «Біз 2024 жылдың екінші жартыжылдығында тұтынушылық және іскерлік белсенділік бәсеңдейді деп топшылаймыз, бұл ФРЖ-ға осы жылы-ақ мөлшерлемені төмендете бастауына айтарлықтай мүмкіндік береді», – деді LPL Financial компаниясының қызметкері Джефф Роуч.

Сондай-ақ оқыңыз