Nazarbayev University-нің жаңа президенті Ұлыбритания азаматы болды
Nazarbayev University баспасөз қызметі ЖОО-ға жаңа президент тағайындалғанын хабарлады. Доктор Ахмад Вакар – Ұлыбритания азаматы. Бұл туралы шешімді университеттің қамқоршылық кеңесі қабылдаған.
NU баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Ұлыбританияның Брэдфорд университетінде PhD докторы дәрежесін алған ғалымның 90-нан астам ғылыми еңбегі бар.
Ол Ұлыбританиядағы бірнеше ЖОО-да, Йорк университеті мен Лондон университеттік колледжінде профессор болған және Мидлсекс университетінің проректоры қызметін атқарған.
2001-2004 жылдарда Ахмад Вакар Ұлыбритания Премьер-Министрі канцеляриясының Ғылым департаментін басқарған.
Ол сондай-ақ 2017 жылдан бастап Абу-Даби университетінің ректоры болған.
NU баспасөз қызметі, доктордың дәл осы қызметтегі жетістігін ерекше атап өтіпті.
«Ол басшылық еткен жылдары Абу-Даби университеті Times Higher Education беделді рейтингіндегі үздік университеттер арасында 250-300 диапазонына дейін көтерілді», –делінген хабарламада.
ЖОО-ны 13 жыл бойы басқарған Шигео Катсу 2023 жылы мамыр айында оставкаға кеткен болатын. Ал бір жылға жуық уақыт университет президентінің міндетін провост Адесида ИЛЕСАНМИ атқарып келді.
Еске салайық, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орнын қазынадан қаржыландыру жалғасатынын мәлімдеген болатын.
Nazarbayev University – Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған. Алғашқы студенттерін 2010 жылдың қыркүйегінде қабылдай бастады.
Университет жеке білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді. Университет қызметі «Назарбаев Университетінің мәртебесі туралы», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» туралы арнайы заңмен реттеледі.
Айта кету керек «Назарбаев Университетіне қатысты ашық деректердегі мәліметке сәйкес, ол 2011 жылдың 15 маусымында тіркелген. Құрылтайшысы ҚР Премьер-министрінің канцеляриясы мемлекеттік мекемесі. 2023 жылдың 18 шілдесінде құрылтайшы ауысқан. Ол – ҚР Үкіметінің аппараты мемлекеттік мекемесі.